Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы облысында қайынағасы келінін аяусыз сабап тастаған

AstanaTV
05.10.2022ж. 20:00
1336
Алматы облысында қайынағасы келінін аяусыз сабап тастаған

Алматы облысы Қарасай ауданында қайынағасы келінін аяусыз сабаған. 6 баланың анасы осы оқиғадан соң мүгедек болып қалған. Туыстар не бөлІсе алмады? Жантүршігерлік жағдайдың ақ-қарасын алматылық тілшіміз біліп келді.

Жаға ұстатарлық жағдай Жармұханбет ауылында болған. Жәбірленуші тараптың айтуынша қайынағасы ұлымен бірге келіншекті тепкінің астына алған. Ең сорақысы, осы сәтте үйде басқа да адамдар болған. Бірақ, ешқайсысы көмек қолын созбаған көрінеді. Ауыр жарақат алған келіншекке медициналық көмек те жасалмаған. Қарындасынан хабар ала алмаған ағасы былықтың бетін ашқан.

Мирлан СЫРҒАБАЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АҒАСЫ:

Үйіне барғанбыз кешкісін. Сөйтсе, қарындасым ауыр соққының, тепкінің астына алынған. Үйде жатып қалған екі күн зорлық-зомбылықтың кесірінен. Жедел жәрдем шақырылмаған. Іш құрылысына зақым келген. Қайын ағасы мен ұлы жауапқа тартылсын.

Ауыр соққыға жығылған әйелге ота жасалып, көк бауыры алынып тасталды. Мүгедек болып қалған. Адвокаты келіншектің қайынағасы бостандықта жүргенін түсене алар емес. Сот санкциясымен 1999 жылғы ұлы қамауға алынған.

Айман ОМАРОВА, ҚОРҒАУШЫ:

Бірақ соның әкесін Тельтаев Алмасты қамауға алмайды. Негізінде, бұл жерде 120-шы баптың бірінші бөлігімен тіркеу керек еді. Екіншіден, ұрғаны бар, соққаны бар. Үшіншіден, көргендердің бәрі ауыр қылмысты көріп тұрып, ешқайда хабарламаған. Қайынағасы келінін зорламақ болған. Қарсылыққа тап болған соң ұрған.

Бұл оқиға ауыл халқының жағасын ұстатты. Олар мұндай жағдай елдімекенде бірінші рет болып отырғанын айтады. Қазіргі таңда көпбалалы ана өз туыстарының үйінде. «Оның мектепке баратын 4 баласы әкесінің қолында, бірақ жақынарада анасына тапсырылады»,- дейді жергілікті билік.

Біржан БЕЛҒОЖАЕВ, ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді осындай ситуация орын алыпты Жармұханбет ауылында. Бақылауға алынып, мектеп директоры қоса барып, қарап тұрады. Енді осы айдың аяғына дейін балалар анасының қолына барады. Ол кісі әлеуметтік көмекке тапсырған екен, күйеуі жұмыс істемегендіктен, оған отказ келді.

Полиция бұл іске қатысты мардымды жауап бермеді. «Тергеу жүріп жатыр» деп қысқа қайырды.

Айдар ӘБДІРАХМАНҰЛЫ, ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған факт ҚР ҚК 106 бабының 1 бөлімінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Қарасай ауданынның полиция басқармаснда тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша толықтығы мен жан жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Жәбір көрген көпбалалы ана мен оның жақындары әділ шешім болса дейді

М. Жақан