$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Электронды темекі жасөспірімдер арасында трендке айналған

AstanaTV
05.10.2022ж. 20:00
3362
Электронды темекі жасөспірімдер арасында трендке айналған

Елімізде электронды темекі тұтынатын жасөспірімдер қатары күн санап көбейіп барады. Бесіктен белі шықпаған балғындармен қатар қаршадай қыздар да шылым шегуден қалысар емес. Бұған денсаулыққа зиянды өнімнің еш кедергісіз сатылуда да себеп. Тіпті соңғы жылдары сұраныс үш есе артты дейді сатушылар. Ал дәрігерлер жеткіншектердің денсаулығына үлкен қауіп төндіретін электронды темекіге шектеу қою керек деп дабыл қағады.

Қостанай қаласының дәл орталығындағы мына ойын алаңы – балалардың темекі шегетін бұрышына айналған. Жеткіншектер еш қысылмастан будақтатып отыр. Ең қиыны электронды темекі тартқан балғындар еш жазаға тартылмайды екен. Тек мектепішілік есепке алынуы мүмкін. Ата-анасы да айыппұл арқаламайды. Сондықтан ескерту шараларымен ғана шектелеміз дейді инспекторлар.

Маржангүл БЕЙСЕМБАЕВА, ЖПБ ЮВЕНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

Жалпы ондай жағдайлар жоқ деп айта алмаймыз. Кездеседі. Егерде кәмелетке толмаған 16 жасқа толған болса ата-анасына 441 бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. 15 АЕК айыппұл салында. Егерде 16 жасқа толмаған жағдайда онымен профилактикалық әңгімелесу жүзеге асырылады.

Ювеналдық полицияның ақпарына сенсек, жыл басынан бері Қостанайда жалғыз бала әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ата-анасы айыппұл төлеген. Ал дәрігер мамандар электронды темекі саудасына мүлдем тыйым салу керек деп отыр. Өйткені зиянды өнімді тұтынатын жас буынның денсаулығы нашарлап, сабақ үлгерімі төмендеп, ұйқысы қашады. Есірткіге бейім ұрпақ қалыптасады.

Айгүл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, НЕВРОЛОГ:

Зерттеулерге жүгінсек никотинді тұтынған балалар есірткіге бейім болады. Оның сыртында оқу үлгерімі төмендейді. Бүйрегіне әсер етеді. Күйзеліс гармондарын көбейтеді. Ұйқысы бұзылады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Электронды темекінің суадасы қызып тұр. Сатушылардың айтуына сенсек соңғы үш жылда сұраныс үш есе артқан. Бағасы арзан емес. 3 мың теңгеден бастап 20 мың теңге аралығында сатылады.

Саудада электронды темекінің сан алуан түрі бар. Өнім 21 жасқа толғандарға ғана сатылуы тиіс. Алайда оны алғысы келетін жеткіншектер жеткілікті. Оларға сатпаймыз дейді сатушы. Қайткенмен амалын тауып ересектерге алғызады.Тіпті ата-анасымен келетін еркетотайлар да кездеседі екен.

Вадим БАТУК, САТУШЫ:

Жасөспірімдер жиі келеді. Бірақ біз оларға сатпаймыз. Сондықтан олар ағасы арқылы алғызып алады. Тіпті кейде ата-анасымен келіп сатып алатындар кездеседі.

Жас буын арасында сәнге айналған темекінің, түтіні шыққанмен иісі жоқ. Сондықтан көптеген ата-ана баласының будақтатып жүргенін сезбей қалуы да мүмкін. Зиянды өнім саудасы әлеуметтік желіде де қызып тұр.Тапсырыс берсең, жасыңа да қарамай жедел жеткізеді. Никотині бар сұйықтық Ресей мен Қытайдан келеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше жыл сайын елімізге 2 миллион литрден астам электронды темекі сұйықтығы импортталатын көрінеді.

З. Санай