Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«AMANAT» партиясы кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды

AstanaTV
06.10.2022ж. 20:00
2270
«AMANAT» партиясы кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды

Президент халықтық коалицияның ұсынысын қабылдаудан бұрын, "AMANAT" партиясының кезектен тыс 24 съезінде партиялықтар мемлекет басшысының кандидатурасын ұсынған болатын. Сондай-ақ жиында партияның саяси тұғырнамасын қабылданды. Жаңа бағдарламада қандай мәселелер қамтылған? Ол туралы съезге қатысып қайтқан тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатып айтады. 

Бүгін елордада саяси ұйымның кезектен тыс съезі өтіп, оған 1200 делегат қатысты. Партия төрағасы Ерлан Қошанов реформалардың басты мақсаты әділеттілік, теңдік, бірлік принциптерін орнықтыру екенін айтты. Ол референдум мен конституциялық өзгерістерден кейін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды деді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін партия саяси және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, коалиция құрмақ.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, әлемдегі алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын.

Қоғам Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытына оң баға береді дейді съезге жиналғандар. Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен ұтымды шешімдері кемел келешекті меңзейді. Халық мүддесін қорғайды. Себебі қандай қиыншылық пен кедергілер болса да Президент өз халқымен бірге болды,-деді жиында сөз алған Дәулет Тұрлыханов.

Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ГРЕК-РИМ, ЕРКІН ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қадірменді ағайын, елімізді, халқымызды қиын кезеңде тастамай, біріктіріп алып шыққан қажырлы еңбегін бағалап,болашаққа бағытталған тың бастамалары мен халықтың мүддесіне арналған жоспарына сенім артып,көшбасшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты бір кісідей қолдауға баршаңызды шақырамын.

Бекарыс ШОЙБЕКОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Ұлтты ұйыстырып, қиынды қиыстырып, дүрбелең дүниенің ортасында жүріп те, жан бағып, жанданып үйрену қажет. Әлемде қандай жағдай болмасын, ұлттық имунитетіміз мықты болса, біз көп нәрсеге қайғыра қоймас едік. Ұлттық идеология бір ұлтқа ғана тән мәдениетті қалғандарға күштеп таңу емес. Керісінше ар-ұятқа адамдық ізгі қасиеттерге негізделген адами құқндылықтарды барынша насихаттау және оны мемлекеттік деңгейде жүргізу.

Сондай-ақ, съезде «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасы қабылданды. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым тұғырнамада еліміздің қоғамдық күшінің болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылған деді.

Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл ширек ғасырға жуық тарихы бар партия тарихында тұпнұсқасы қазақ тілінде бастан-аяқ жазылып шыққан құжат. Құжаттың кіріспесінде «Біз қазақ тілін дамытуға, оны кеңінен қолданылуына бар күш-жігерімізді саламыз» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Тұғырнаманың тағы бір үлкен бір бағыты - аманат деген қасиетті де қастерлі ұғымның не екенін түсіндіру, соны жұртқа жария ету.

Ал мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева партияның ұсынған бағыт-бағдары экономикалық өсуді ғана көздеп қоймай, әрбір қазақстандықтың одан пайда алуына мүмкіндік береді деп санайды.

Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Партияның принципті ұстанымы негізінде мұнайдың әр тамшысы, пайдалы қазбаның әр грамы халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс.Яғни жер қойнауынан түсетін кірістер отандық экономика салаларын дамытудың базасы болуға қажет. Салықтардан басқа, жер қойнауын пайдаланушылар сапалы жұмыс орындарын құруға, біздің орта және шағын бизнесімізді жүктеуге, олар жұмыс істейтін өңірлерді тікелей дамытуға қатысуға керек.

Партия төрағасы Ерлан Қошанов, жаңа саяси тұғырнама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларымен сабақтас екенін айтты.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы, бүгінгі съезді тарихи съезд деп айтуға толық қақымыз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Оның басты қағидасы – адам, қоғам және мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады

Сонымен қатар съезде «AMANAT» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасының күші жойылып, ұйымның жаңа саяси тұғырнамасын бекіту туралы қаулы қабылдау ұсынылды. Оны партия мүшелері бірауыздан қабылдады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Осылайша бүгін «Аманат» партиясының кезектен тыс 24 съезінде саяси бағыт-бағдары айқындалып, тұғырнамасы бекітілді. Өңір-өңірден келген делегаттар жаңа саяси бағытты бір ауыздан қолдады. Себебі негізгі үш бағыттан тұратын саяси тұғырнама, ел болашағы үшін маңызды қадам боларына сенеді.

Б. Сатуов