Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мемлекет басшысының қатысуымен халықтық коалиция форумы өтті

AstanaTV
06.10.2022ж. 20:00
1694
Мемлекет басшысының қатысуымен халықтық коалиция форумы өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалицияның ұсынысын қабылдады. Бүгін елордада Мемлекет басшысы, қолдаушылар форумына қатысты. Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, өзіне сенім артқаны үшін шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Биыл 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан, - деді Президент. Халықтық коалицияда сөйлеген сөзінде реформаларының басты мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру екенін, ал мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық екенін баса айтты. Сондай-ақ, коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиялары мен 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты. AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының реформаларын ілгерлетуге күш салатындарын жеткізді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарын қолдаймыз. Және оның реформаларын ары қарай ілгерілетуге күш саламыз. Сондықтан бүгін халықтық коалиция Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады. Бұл таңдау еліміздің шынайы патриоттарының Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын миллиондаған азаматтардың таңдауы.Ең бастысы сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендіреді.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, генерал-майор Тоқтар Әубәкіров Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын, оны мықты саясаткер, шебер дипломат санайтынын айтты.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ:

Бұл кісінің тазалығы ерекше. Бұл кісінің білімі басқаша. Бүкіл басқа мемлекеттердің басшыларына қарасаң, бұл кісі сөйлегенде бәрі де аузын ашып отырады. Бұл кісінің дипломатия деген дәрежесі, сапасы өте жоғары. Бұл кісінің алдына қойған бағдарламасы - бәрімізді біріктіру. Бірлік. Міне, біздің қолымызға, алақанымызға алтын түсті. Сол алтынның қадірін білейік. Жоғалтып алмайық.

Аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, кәсіби спортшы Ардақ Назаров ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенген жөн екенін жеткізді.

Ардақ НАЗАРОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, КӘСІБИ СПОРТШЫ:

Сол ұлттың шаңырағының рухани шаңырақтың уығы боп бәріміз қалансақ, өйткені сіз Жаңа Қазақстанның шаңырағын көтеріп жатсыз. Сол Жаңа Қазақстанның шаңырағы - болашақта біздің ұлы мемлекет болатынымыздың көрінісі. Ал енді сол Жаңа Қазақстанның біз уығы болып қаланатын болсақ, онда халқымыз біздің шаңырақтың керегесі болатыны сөзсіз.

Ал депутат Қазбек Иса Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тарихи реформалар қарқын алғанын атап өтті.

Қазбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Біз әртүрлі саяси ұйымның өкілі болсақ та, бағытымыз, арман-мақсатымыз бір. Өйткені біздің қасиетті қара шаңырағымыз бір. Елге сын сағаты туған кезде біз жеке бастың есебін емес, немесе партияның бір ұпайын санап отыратын кез емес қазір. Халықаралық жағдай өте қиын. Теңіздей толқып тұр. Ал теңізде дауыл тұрғанда кемеде капитан ауыстырмайды. Сондықтан біз саяси аламанда қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық деп шештік. Бізге қазір ең алдымен керегі - ел амандығы, тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау.

Форумның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық Коалицияның ұсынысын қабылдап, Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.

А.Серік