Елордалық мектеп кітапханашыларының жалақысы бар болғаны 85 мың теңге. Тіпті 30 жылдық тәжірибесі бар мамандардың өзі 100 мың теңге айналасында айлық алады екен. Осының салдарынан, соңғы 3 жылда мектептегі 472 кітапханашы жұмыстан кеткен. Тағы бір алаңдатарлық жағдай: бұл салаға баратын жастардың үлесі азайған. Демек келешекте орта білім беру орындарында кітапханашы деген мамандық жойылып кетуі мүмкін. Бұған жауаптылар не дейді? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.
Айсұлу Сайрамбаева Астанадағы мектептердің бірінде кітапханашы болып жұмыс істейді. Осы салаға өмірінің 38 жылын арнаған. Оны жалақысының аздығына қынжылтады. Ал жұмыс жүктемесі ауыр дейді.
Айсұлу САЙРАМБАЕВА, АСТАНА қ. Ә.БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ №76 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Еңбекақылары өте төмен. Басқа орталық кітапханалар, балалар кітапханасы, қалалық кітапханалар, ұлттық кітапханалармен салыстыруға келмейді. Әрине, осы кітапханашылар барлығы осы жағдайды қолға алып, бір арнаға түссе екен дейміз. Мектеп кітапханашыларының беделі көтеріліп, өз дәрежесінде бағаланса екен деп ойлаймыз.
Статистикаға сенсек, соңғы 3 жылда мектеп кітапханасынан 472 қызметкер жұмыстан кеткен. Кітапханашылардың еңбекақысы аз болуына байланысты жас мамандар да келмейтін болған. Қазір еліміздің кітапханаларында 20-30 жас аралығындағы жастардың үлесі бар жоғы 5%-ды ғана құрайды. Ал, 30-40 жас аралығында - 15%, 40-50 жас аралығында – 40%, 50-65 жас аралығында да - 40% кітапханашылар жұмыс істейді.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Негізі кітапханаларда абонент, оқырман залы, жинақтау, библиография деген бөлімдерде жеке-жеке кітапханашылар жұмыс істейді. Ал мектеп кітапханашысы осы міндеттерді бір өзі жалғыз атқарып отыр. Яғни еңбекақысы аз, бірақ жұмыс жүктемесі көп.
Бұл мәселеге жоғары оқу орындарына бөлінетін грант санының азаюы да, жығылғанға жұдырық болып тұр.
Гүлмира НҰРЖАНОВА, ҚАЗҰПУ КІТАПХАНА ІСІ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:
Кітапхана ісі мамандығының жетіспеушілігі білім беру гранттарының өте аздығы. Жылына 20-30 ғана грант бөлінеді. Ол Республика бойынша 5 университетке бөлінеді. Сонда әрқайсысымыз 5-6 білім гранттарына ие болып қаламыз.
Оқу ағарту министрлігі бұл мәселеден хабардар. Олар грант көбейту туралы Үкіметке хат жолдамақшы. Ал жалақы осы жылы да, келер жылы да көтеріледі деп уәде бере алмаймыз дейді.
Әлия САЙДЕМБАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Осы мамандыққа көп көңіл бөліп, гранттар бөлу жайында Үкіметке жолдаймыз. Қазақстан Республикасының Үкіметі қарау керек. Одан кейін ол Қаржы министрлігіне жолданады. Қаржы министрлігі бюджеттік жоспарлаудан қаржы табу керек. Бұл үлкен мәселе. Ол тап қазір шешіледі, болмаса 2023 жылы біз сондай қаражат аламыз деп Республика көлеміндегі 8 мыңға жуық мектеп кітапханашыларын үміттендіргім келмейді.
Оқу-ағарту министрі қарамағындағы қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментіне тиісті тапсырмалар берген. Әзірге, нәтиже жоқ. Мектеп кітапханашыларына әліптің артын бағудан басқа амал жоқ әзірге.
А. Базарбай