Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда ұзақ өмір сүреді

AstanaTV
10.10.2022ж. 20:00
1045
Ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда ұзақ өмір сүреді

Ал денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызының айтуынша, ана өліміне қарағанда нәрестенің шетінеуі жиілеген. Оның өзіндік себептері бар дейді. Кей елдімекенде медициналық мекеме жоқ, болашақ аналардың денсаулығы дер кезінде бақылауға алынбайды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары созылмалы, қатерлі ісік, тыныс алу жүйелерінің бұзылуынан жиі көз жұмады. Бұл мәселелерді шешудің жолы бар ма? Әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Соңғы 6 айда ауылдық жерлердегі ана өлімі қалаға қарағанда екі есе төмендеген. Бірақ керісінше сәбиінен айырылған ана көп. Бұл мамандарды да қатты алаңдатып отыр. Ана мен бала денсаулығын қорғау үшін барынша тырысып жатырмыз дейді министр.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Нәресте өлімі әйелдердің денсаулығына тікелей байланысты. Әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдерді жеке және дисциплинааралық босанғанға дейінгі бақылаумен қамту ұлғайды, көрсеткіш 82 пайыз, былтыр бұл көрсеткіш 80 пайыз болған.

Ауыл халқының денсаулығы да қаладағыларға қарағанда біршама төмен. Министрдің мәліметінше, өлім-жітім көп жағдайда қан айналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктен, тыныс алу жүйелерінің бұзылуынан және түрлі жарақаттардан болады. Бірақ, бұған қарамастан ауылдағылар ұзағырақ өмір сүреді дейді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Халықтың денсаулық көрсеткіштеріне жүргізілген талдауға тоқталсақ, ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы қала тұрғындарынан тұрақты жоғары екенін көрсетті.

Қазір 200-ден астам елдімекенде аурухана жоқ, 400-ге жуық ауылда медициналық мекеме ғимаратты жалға алып отыр. Ал кейбіреулері тіпті апатты жағдайдағы нысанды паналап отыр. Медициналық инфрақұрылымның тозуы мен жарамсыздығы жергілікті әкімдіктердің салғырттығынан дейді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің ойымша, жергілікті әкімдіктер қалдықты принциппен қарап отырған сияқты. Жергілікті әкімдіктер мәдени іс-шараға, ескерткіш ашуға келгенде олар миллиондап қаражат табады. Ал халықты, ауылдағы азаматтарды емдеуге келген кезде, ФАП-тарды шешуге келген кезде қаражат табылмай қалады.

Ауыл-аймақтарда медицина қызметкерлерінің тапшылығы да шешімін таппай тұрған мәселе. 1 700-ден астам медицина қызметкері, оның ішінде 1000-нан астам дәрігер жетіспейді. Сол себепті ауылға баратын мамандарды ынталандыру үшін әлеуметтік қолдау күшейтілмек. Яғни, елге барам деген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтермеақы беріледі. Ал Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысына барса, үш-бес миллион теңгеге дейін демеуқаржы қарастырылған.

А. Базарбай