Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қабырғасын сындырып, талағы мен ұйқы безін жарып жіберген – марқұмның анасы

AstanaTV
10.10.2022ж. 20:00
2407
Қабырғасын сындырып, талағы мен ұйқы безін жарып жіберген – марқұмның анасы

Дәрігерлер қабырғасын сындырып, талағы мен ұйқы безін жарып жіберген. Атыраудағы ауруханада көз жұмған Гүлдана Хинатулланың жақындары қайғылы жағдайға бір емес, бірнеше ақ халатты кінәлі дейді. Олар жазасыз қала ма деп қорқады.

9 айлық бөбек ана сүтін ембеген. Қазір оны нағашы әжесі қарап отыр. Ет жақындарының айтуынша, айы-күні жеткен келіншектің соңғы тапсырған ПТР сынамасы оң нәтиже берген. Осыны желеу еткендер толғағы басталғанда, марқұмды модульді ауруханаға жатқызыпты.

Светлана САРЫӨЗЕНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Поликлинкаға бардым, бәрінен білдім,ешқандай ауру жоқ. Здоровый бәрі де. Анализ бәрі таза. Тек дәрігердің қателіктері қараусыз қалған. Қызымды давить етіп, үстінен мініп алып, талағын жарып жіберіп, ұйқы безін жарып жіберіп, қабырғасын жарып жіберіп, сындырып жіберіпті. Мынау масқара ғой, тіпті. Адам өлтіріп отыр ғой дәрігерлер.

Марқұмның жолдасы тергеу кезінде 5 дәрігер күдікке ілінгенін айтты. Бірақ олардың жазадан сытылып кеткені жаныма батады,-дейді.

Самалбек БЕГАЛИЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ЖОЛДАСЫ:

Басында тергеу жүреді, бәріне айып тағады. Одан кейін прокуратураға жібереді. Кейін айып таққан адамдарды алып тастайды да, бір адаммен кетіп қалады ол арада. Сонда қалғандары қайда? Босандырып жатқан 4 акушер қайда? Қалай босандырып жатқанын көрсеңіз.

Полиция бұл іске қатысты күдікті бір ғана дәрігер екенін растады. Олар тергеуді аяқтап сотқа жолдаған.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған факт бойынша қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 317 бабы 3-бөлімімен тергелген, яғни адам өліміне әкеп соқтырған медицина қызмектерлерінің кәсіби қызметін тиісінше орындамау фактісі бойынша тергеу амалдары аяқталып, сотқа жолданды. Күдікті бұл жерде инфекционист дәрігер, модульдік аурухананың.

Оқиғаның жай-жапсарын аймақтың денсаулық сақтау басқармасы жазбаша хабарлады.

АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:

Босанған соң, түнде оның жағдайы нашарлап, кезекші дәрігер әйелді тексеріп, қажетті ем тағайындады. Бірақ жағдайы жақсармады, таңертең кезекші реаниматолог пен гинеколог оны тексеріп, әйелді жансақтау бөліміне ауыстырды. Пациентте ішкі қан кету күдігі болды, акушер-гинеколог, хирургтер бригадасы қосымша шақырылып, операцияға алынды. Операция кезінде «іш қуысының жабық жарақаты, ұйқы безінің зақымдалуы» диагнозы қойылып, емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсетілді. Бірақ науқастың жағдайы жақсармай, қайтадан ота жасалды. Бірақ 2022 жылдың 18 қаңтарында ол қайтыс болды.

Дегенмен шиеттей 4 ұлына бас-көз болып қалған - жалғызбасты әке, кінәлілер толық жазаланбайынша, тоқтамауға бел буып отыр.

Б. Нәдірқызы