$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде нан бағасы жыл басынан бері 19% өскен

AstanaTV
10.10.2022ж. 20:00
3060
Елімізде нан бағасы жыл басынан бері 19% өскен

Нан тағы да қымбаттады. Елімізде ұн өнімі жыл басынан бері 19 процентке өскен. Бидайға бай өлкеде нан құнының шарықтатуы қисынсыз" – дейді астаналық тұрғындар. Ал басқа аймақта баға қандай?Тілшілерге сөз берейік.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жыл басынан бері қара бидай бағасы 27, ал жоғары сортты ұннан жасалған бидай наны 28 процентке өсті. Қымбатшылық Астана қаласында да байқалады. Елордалық тұрғындар нанды бұрын 100-120 теңгеден алып жүрсе, енді 160-180 теңгеден сатып алып отырған көрінеді.

Ұн қымбаттаған соң нан бағасы өскен. Экономист Ғалымжан Керімбек осылай дейді. Айтуынша, жыл сайын қыркүйек-қазан айларында азық-түлік бағасы көтеріледі. Оның ішінде нанның қымбаттауы да өкінішке қарай, үрдіске айналып кетті дейді.

Ғалымжан КЕРІМБЕК, ЭКОНОМИСТ:

Осындай үрдіс қалыптаса беретін болса, бұл ертеңде 20-30 процент наннан басқа да азық-түліктердің қымбаттауына алып келеді. Азық-түлік өнімдерің қымбаттауы, әсіресе, жанар жағармайдың тапшылығынан болып отыр. Қазірге дейін, өзімізде көріп отырмыз, жанар жағармайлары талонмен беріледі. Ал, енді осы мүмкіндікті пайдаланып кейбір алып-сатарлар жанар-жағармайдың бағасын көтеріп, қосымша табыс тауып отыр.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Ресми ақпарат бойынша, нан әсіресе, Ұлытау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында қымбаттаған. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында бидай өнімінің құны, керісінше, арзандаған. Жауаптылар бағаны қалай тұрақты ұстап отыр? Ол туралы әріптесім Абзал Құрманкин айтады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Иә, Аружан Солтүстікте бидайдың бағасы алдымен шарықтап, кейін керісінше арзандап кетті. Алайда, нан бағасы өзгеріссіз қалды. Қазір сауда орындарында әлеуметтік нан 72 теңгеден сатылып жатыр.

Қала дүкендерінің басым бөлігін қамтитын Петропавлдың ең ірі наубайханасы аймақ диқандарымен келісімге келген. Бұл шартқа сәйкес шаруалар ас атасының құнын бірқалыпты ұстау үшін наубайханаға шикізатты нарықтық бағадан төмен беруі тиіс.

Бауыржан ҚАЙШЫБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ НАН-ТОҚАШ КОМБИНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз әкімдік және диқандармен үш жақты меморандумға қол қойдық. Облыстың 70 диқаны қол ұшын созды. Әрқайсысы 10-20 тонна бидайды арзан бағаға сатты. Ал былтыр бізге азық-түлік келісім-шарт корпорациясы көмектесті. Осындай амалдардың арқасында нанның бағасы әзірге бірқалыпты тұр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Алайда бағаны бірқалыпты ұстап тұрудың теріс жағы да бар. Былтыр кәсіпорын қаржылық қысылтаяңға тап болып, жұмысшыларды қысқарту мәселесін қарастырған. Бірақ, кейін барлығын орнында қалдырып, мамандардың жалақысын жаппай 10 пайызға төмендетіпті.

А. Задабек