$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысы Қазалы қаласында бірнеше отбасы табиғи газдың игілігін көре алмай отыр

AstanaTV
11.10.2022ж. 20:00
2415
Қызылорда облысы Қазалы қаласында бірнеше отбасы табиғи газдың игілігін көре алмай отыр

Қызылорда облысы Қазалы қаласының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Айтуларынша, жеке кәсіпкермен келісімшарт жасап, үйлерін табиғи газ жүйесіне қосқан. Алайда, олар жалғаған құбырды «Казтрангазаймақ» өкілдері кесіп кетіпті. Бұған не себеп? Мәселенің анық-қанығын тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы анықтауға тырысты.

3 ай бұрын үйлеріне табиғи газ құбыры жүргізілгенде тұрғындар қатты қуанған. Алайда, қуаныш ұзаққа бармады дейді. Монтаждау жұмыстары уақытылы біткенімен, әлі күнге дейін көгілдір отыннның игілігін көрген жоқ. Себебі газ таратушы мекеме әлдебір заңсыздықтарды алға тартып, пайдалануға тыйым салған. Газға сеніп, қысқа қам жасамаған тұрғындар енді шарасыз күйде отыр.

Бақыткүл ІЗТІЛЕУОВА, ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күн суытты. Үйде кішкентай балаларымыз бар немере. Үлкен кісілер бар менен басқа үйлерде де. Қаншама халық босып жүр. енді біздің қайтадан көмір алатын ақшамыз жоқ, шындығын айтқанда. Не істейміз біз? Кімге барып жылаймыз?

Зинаида МАНЧИНА, ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз монтаждау мекемесімен келісімшартқа отырдық. Олар өз жұмыстарын толық атқарып, көгілдір отынды қосып берді. Бірақ «КазТранГаз» мекемесі келіп, соттың шешімінсіз құбырларды қиып кетті. Ешқандай себебін де түсіндірген жоқ. Ал 1 ай бұрын келіп тексергендерінде бәрі ойдағыдай, 2-3 күннен кейін газ жібереміз деген еді.

Сан сауалдың жауабын жұрт таппай жүр. Ал монтаждау жұмыстарын жүргізген компания өкілі заңға сай әрекет еттік дейді.

Жарқынбек АСЫЛБЕКОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Халық антимонополия комитетіне арызданып, «КазТрансГаздың» заңбұзушылығы анықталып тұр, қазіргі жағдайда. Енді антимонополия комитеті заңбұзушылықтарды қалыпқа келтіру туралы ескертпе хат жолдады. Бірақ «КазТрансГаз» оны орындаудың орнына, біздің халыққа қосып берген газымызды пломб басудың орнына, керісінше кесіп тастап отыр.

«ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы өкілдерінің де айтар өз уәжі бар. Олар кәсіпкер тарапынан құжаттандыру жұмыстарында өрескел қате кетті дейді.

Ислам БЕКТҰРҒАНОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АҚ ҚЫЗЫЛОРДА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫ БОЙЫНША ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫ:

Бұл мекеме нысандардағы жұмыстарды аяқтап бізге құжаттарын толық өткізбейді. Атқарушы құжаттар мен қабылдау актісін өткізбейді. Қабылданбаған және қабылдау актісі жоқ мекемеге газ бере алмаймыз. Бұл- халыққа өте қауіпті.

Тұрғындар үшін «піскен астың күйігі жаман болып тұр». 40-қа жуық отбасы қара суықта азынаған үйде бүрсең қағуда. Ал газ тартушы мекеме мен кәсіпкердің қашан бір байламға келері әзірге белгісіз.

М. Тоқтасынқызы