$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Петропавлда жас спортшылар шұрық-тесік газонда жаттығып жүр

AstanaTV
11.10.2022ж. 20:00
1554
Петропавлда жас спортшылар шұрық-тесік газонда жаттығып жүр

Қызылжарда жас аяқдопшыдардың ата-аналары бас көтерді. Олар футбол мектебінде тәрбиеленіп жатқан балаларының жыртық газонда жаттығып жүргеніне ашулы. Заманауи нұсқада жасалған нысан екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Алайда, жасыл кілем көп ұзамай жарамсыз күйге ұшыраған. Футбол шәкірттеріне қашан жағдай жасалады? Аймақтағы тілшіміз біліп келді.

Бұл - Қызылжардағы футбол орталығы. 800-ге жуық жас спортшы парша-паршасы шыққан газонда шеберлігін шындап жүр. Негізгі клубқа жыл сайын 1 мллиард теңгеден астам қаражат құйылады, ал балаларға мүлдем назар аударылмайды, дейді ашулы ата-аналар.

Анна БАКИРОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балам күнде жараланып келеді. Жыртық газонда ылғи аяғы шалынып, құлап жүреді. Балаларды сонша қорлағаны қалай?

Ольга МАЛЫШЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл облыстың намысын қорғайтын болашақ аяқдопшылар. Оларға билік өкілдері мүлдем жағдай жасамай отыр. Қалада санаулы орталық бар. Соның барлығын неге қалпына келтірмеске?

Спорт нысанына екі жыл бұрын күрделі жөндеу жасалған екен. Алайда, кепілдік мерзімі өтіп кеткен соң, бұрынғы мердігерді жауапқа тарту мүмкін болмай отырған көрінеді. Сондықтан футбол орталығының өкілдері ююджеттен тағы қыруар қаржы сұрап отыр.

Айсары ШАКИРОВ, “ҚЫЗЫЛЖАР” БАЛАЛАР СПОРТ МЕКТЕБІ КМК ЖЕТЕКШІСІ:

Футбол алаңында жаттығулар таңертеннен кешке дейін жүргізіледі. Оны үздіксіз пайдаланғаннан кейін газон жарамсыз болып қалды. Бізге енді қайта жаңғыртуға 28 миллион теңге қажет. Осы қазан айында өтетін мәслихаттың сессиясында көтереміз. Егер қаржы бөлінсе, жөндеу жұмыстары жылдың аяғына дейін бітеді.

Айта кету керек, биыл теріскейде балалардың футболмен шұғылдануына облыстық бюджеттен 860 миллион теңге қарастырылған. Ал жергілікті “Қызылжар” кәсіби клубына бұдан 1.5 есе артық бөлінген, бақандай 1 миллиард 300 миллион теңге.

А. Құрманкин