Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Елімізде жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

AstanaTV
11.10.2022ж. 20:00
844
Елімізде жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Елімізде жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін. Жаңа жоба қашан іске қосылады? Оның ерекшелігі неде? Осы және өзге де жаңалықтар экономика топтамасында.

Каспий құбыр консорциумы осы айда толық іске қосылады. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. Оның сөзінше, қазір Каспий құбыр консорциумында жеке орнатылған 3 айлақ құрылғысының біреуі ғана жұмыс істеп тұр.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қашағандағы жөндеу жұмыстарына байланысты Каспий құбыр консорциумының жеке орнатылған бір айлақ құрылғысының жұмысы қазіргі көлемдер үшін жеткілікті. Каспий құбыр консорциумы биыл қазан айында толық жұмыс істей бастайды деп күтілуде.

Елімізде тұрғын үйді сатып алу мен сату бойынша соңғы бір айда көрсеткіш 1,6% өскен. Көш басында Астана мен Алматы қаласы тұр. Статистикаға қарасақ, қазақстандықтар әлі де көппәтерлі үйлердегі баспананы қалайды. Қыркүйек айында 28 мыңға жуық мәміле жасалған. Ал жеке үйлер бойынша сатып алу мен сату керісінше төмендеген. Өзгеріс Қызылорда (-26,7%), Алматы (-12,3%) және Батыс Қазақстан облыстарында (-11,3%) байқалады.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы және Шымкент қаласының экономикалық көрсеткіші жоғары. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім шамамен 3 процентке көп. Елдің экспорттық әлеуеті де артып келеді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша нақты шараларды пысықтау керек. Бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаражатты жыл соңына дейін толық әрі тиімді игеруді қамтамасыз ету керек.

Елімізде жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жаңа жоба - «7-20-25» бағдарламасының баламасы. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар пысықталып жатыр.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарын қамтамасыз етуге тырысамыз. Бірақ халықтың негізгі бөлігі жұмыс істеп, отбасын құрып жатқан тұрғындарды ұмытып жатамыз. Біз оларды қамтамасыз ету үшін қазір отбасының цифрлық портреті арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қарастырып жатырмыз. Санаттар бойынша жіктелмейтін болады.

Б. Сатуов