Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстандағы такси қызметі ТМД елдері арасында ең қымбаты

AstanaTV
14.10.2022ж. 20:00
1996
Қазақстандағы такси қызметі ТМД елдері арасында ең қымбаты

Елімізде такси қымбат. Бұған дейін де арзан емес еді, соңғы кезде тіпті шарықтап кетті. Қарбалас уақытта тиіп тұрған жерге бірнеше мың теңге төлеуге тура келеді. Ал такси ақысын ешкім реттей алмайтын көрінеді. Жауаптылардың өзі бұл бақылаусыз сала дейді. Ал асыққан жолаушы қайтеді? Тақырыпты тілшіміз Ақбота Базарбай толықтырсын.

Таңертең жұмысқа, кешке үйге жұрт асыққан уақытта қарбалас. Сол сәтте такси қызметінің ақысы аспандайды дейді тұрғындар. Баға әдеттегіден 2-3 есе өсіп кетеді.

Биыл 3 өңірде такси құны қымбаттаған. Әсіресе, Жетісу облысында баға жоғары. Онан кейін Алматы және Абай облыстары тұр.

Астанада да такси ақысы қымбат. Қазір біз Жеңіс көшесінің бойында тұрмыз.Қала орталығына жету үшін жұрт осы жерден такси ұстайды. Мобильді қосымша арқылы қарасақ, Достық көшесіне дейін 2000 теңге сұрап тұр. Ал таксиді көшеден ұстасақ, баға қалай?

Бас қалада 28 такси компаниясы мен мыңнан астам көлік бар. Ал оларды кім бақылайды?

Медет КҰРМАНОВ, КӨЛІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Оларды ешкім бақыламайды. Полиция департаменті бар, көлік инспекциясы бар. Олар бақылау жасағанда оларды тоқтата алмайды. Өйткені олар заңсыз көліктер. Білмейсің, таксимен айналысып жатыр ма, өзі келе жатыр ма...

Қазақстанда шетелдік такси компаниялары мен жүргізушілер арасында делдалдар ғана жұмыс істейді. Ресми тіркеліп, тікелей жұмыс істеу шетелдік компания үшін тиімсіз.

Байдүйсен Тайыра, ЯНДЕКС GO КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің сервисте жол жүру құны нақты уақыт режимінде күрделі алгоритммен есептеледі, оған көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, тапсырыс беру кезінде бос машиналардың болуы, қаладағы кептелістер және ауа-райы. Алгоритм автоматты түрде уақытша өсу коэффициентін қалыптастырады.

Қазақстан - ТМД бойынша такси құны ең қымбат елдердің бірі. Небәрі бір жылдың ішінде такси қызметі 9 процентке шарықтаған. Соған қарамастан, елімізде жыл басынан бері 1,4 млрд адам такси қызметін пайдаланған.

А. Базарбай