$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақылы жолдардың саны көбейеді

AstanaTV
17.10.2022ж. 20:00
1481
Ақылы жолдардың саны көбейеді

Ел ішінде ақылы жолдардың саны көбейеді. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты. Оған қай бағыттар кіреді? Жол жөндеу жұмыстарына депуттатар неге күмәнмен қарайды? Тілшіміз Бекболат Сатуов айтып береді.

Қазір жол салу бойынша 17 жоба басталған. Ең ұзақ жолдардың бірі - шығыста. Аймақта ұзындығы 1 300 шақырымнан астатын 3 ірі жоба іске асырылуда. «Талдықорған - Өскемен», «Қалбатау - Майқапшағай», «Үшарал - Достық» жолдары. Олар келесі жылы аяқталмақ.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Бүгінде 649 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Өскемен» учаскесінде қозғалыс ашылды. Қалған жолды 2023 жылы аяқтаймыз. Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде 159 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Қалған бөлігін келесі жылы іске қосамыз. Ал «Үшарал – Достық» учаскесінде 155 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Қалған жолды 2023 жылы аяқтаймыз.

Министрдің мінбердегі сөзіне депутаттар аса сене қоймаған сияқты. Сұрақтың астына алды. Мәжлісмен Берік Дүйсенбинов ведмоства басшысының айтқан межелі уақытына жол жөндеу жұмыстары аяқталатынына күмәнмен қарайды.

Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Біз кеше ғана сол жерден келдік. Сенбі-жексенбі күндері Атырау-Астрахань жолын өз көзімізбен көріп, аяғымызбен басып көрейік деп әдейі бардық. Жаңа сіз айтып отырған 2023 жылы бітіреміз деген әңгімеге күмәнім бар. Жолдың үстінде жұртта қалған арба сияқты әрбір жерде ғана домалатқыш тұр. Қайнап жатқан жұмысты көрген жоқпыз.

Ал, депутат Берік Бекжанов болса, жолдардың сапасына алаңдаулы.

Берік БЕКЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өздеріңіз білесіздер Батыс Қытай, Батыс Европа жолының салынғанына да біршама уақыт болды. Өкінішке орай сол жолдың салынғанынан бастап, жамау жұмыстары қатар жүруде. Биылғы жылы Түркістан облысының Екпінді аулының тұсында жолдың қабаты өзінен өзі көтеріліп кетті. Осы мәлімет сізге белгілі ма? Егер белгілі болса оның себебі неде?

Депутат Аманжол Әлтай алаяқ компаниялардың көбейіп бара жатқанын айтты. Қара тізімге іліккен жағдайда, қайта конкурсқа қатыстырмау керек деді.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тастанды бала, тастанды әке деген сөзі көп естуші едік. Кейінгі кездері тастанды жол деген сөзі жиі айтатын болдық. Бұның басты себебі, конкурсты ұтып алып, одан кейін жолды бітірмей тастап кететін алаяқ команиялар көбейіп бара жатыр. Мен ойлаймын мынау жол салатын компаниялардың қара тізіміне іліккен осындай алаяқ компанияларды алдағы уақытта конкурсқа қатыстырмау керек деп ойлаймын.

Министр сан сауалға саспады. Әрбір депуттаттың сауалына жауап берді. Жалпы биыл 11 мың шақырымнан астам автожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр деді. Сондай-ақ 2025 жылға дейін ақылы жолдардың саны көбейтуді жоспарлап қойған. Оған екінші санаттағы автожол учаскелері енгізілмек.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Олардың қатарында Қызылорда-Арал, Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Орынбор, Қайнар-Бішкек, Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Ақжігіт, Павлодар-Семей, Астана қаласының Солтүстік айналма жолы, Орал-Саратов, Көкшетау-Петропавл, Астана-Атбасар, Павлодар-Омбы, Семей-Қалбатауды қамтитын 2 579 шақырым жол бар. Жалпы 2025 жылға дейін жол учаскелерін реконструкциялаудың аяқталуына қарай 11 мың шақырымға ақылы төлем жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарда бар.

Қазір Қазақстанда ақылы 11 жол учаскесі бар. Осы жолдардан жыл басынан бері қазынаға 4 млрд теңге түскен.

Б. Сатуов