Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ақмола облысында темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт ашылды

AstanaTV
17.10.2022ж. 20:00
1595
Ақмола облысында темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт ашылды

Ақмола облысында темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылды. Жаңа нысан 240 адамды жұмыспен қамтиды. Кәсіпорын қуаттылығы жағынан елдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі болмақ.

Зауыттың аумағы 15 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда тұрғын үй кешендеріне қажетті дайын бұйымдар жасалмақ. Өндіріс басшылары өнімдерін Астана қаласымен қатар өзге де аймақтарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Амангелді КӘКІБАЕВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

Өндіріс орны плита, баспалдақ, темір-бетон тосқауылдарын, панельдік төбелерді, іргетас блоктарын өндірмек. Кешен германиялық фирманың құралдарымен жабдықталған. Кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Жобаның авторы - елге белгілі құрылыс компанияларының бірі. Ол зауыт құрылысына 16 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салған. Олар бұл жоба Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылды – дейді.

Төлеген РАХМЕТОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз тек сапалы өнімдерді қолданамыз. Қазір Ақмола облысы бойынша бірнеше проектерді қолға алдық. Алдыға қойған жоспарларымыз өте көп. Басқа өнірлерге де өз өнімімізді ұсыну жоспарда бар. Біз аз уақыттың ішінде екі бірдей ірі зауытты аштық. Бұл өте үлкен жетістік деп ойлаймын.

Республика күні қарсаңында ашылған жаңа зауыт, құрылысқа қажетті үздік өнімдермен қамтамасыз етуді алдына мақсат еткен. Сол арқылы тұрғын үйлердің төзімді, әрі сапалы болуын арттыруға үлес қосуға ниетті.

А. Задабек