$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар облысының 3 бірдей ауылында су құбырын тарту жұмыстары тоқтап тұр

AstanaTV
18.10.2022ж. 20:00
2354
Павлодар облысының 3 бірдей ауылында су құбырын тарту жұмыстары тоқтап тұр

Павлодар облысына қарасты Успен ауданындағы 3 бірдей ауылда су құбырын тарту жұмыстары тоқтап тұр. Бұған әкімдіктің орталықтандырылған су құбырын тартуға бөлінген 1,5 млрд. теңге қаражатты игеруден бас тартуы себеп болған. Ал былтыр ғана орталық су құбырына қосылған Белоусовкада әлі күнге дейін тіршілік нәрі жоқ. Су жаңа құбыр пайдаланылмай жатып, істен шығыпты. Амалы таусылған ағайын өздері қазып алған құдықтағы тұщы суды ішуге мәжбүр.

Белоусовка ауылына былтыр ғана орталықтан су құбыры тартылған. Бұған бюджеттен 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Алайда су құбыры пайдаланылмай жатып істен шыққан.

Күнболат ЗАУЫТ, БЕЛОУСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз суды күтіп жатқанымызға бір жыл болды. 1 жылдан бері күні бүгінге дейін су жоқ. Мына үйдегі жұмыстарды істейін десеңіз, ауыз су жоқ. Сондықтан не істерімізді білмей отырмыз.

Бақытбек НҮСІПХАН, БЕЛОУСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынау жер асты суы. Осыдан ішіп жатырмыз. Үкіметтің суы келген жоқ. 1 жыл болды.

Қомақты қаражат жұмсалынған су құбырын жергілікті әкімдік қабылдап алған. Бірақ сапасыз нысанды қалай қабылдағандарын түсіндіріп бере алмады.

Ерлан АЙТМҰҚЫШЕВ, УСПЕН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кейбір жерлерде құбырлар жарылып, сол жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Енді мен бұл мәселемен жаңа айналыса бастадым. Сондықтан қазір нақты жауабын бере алмаймын.

Бұдан бөлек аудандағы 3 бірдей ауыл таза ауыз суға зар болып отыр. Ольгинадағы су құбырының құрылысы тоқтап қалған. Қаратай мен Вознесенка тұрғындарының тіршілік нәрін күткеніне екі жылдан асыпты. Бұған аудан әкімдігінің су құбырын тартуға бөлінген 1,5 млрд. теңге қаражатты игеруден бас тартуы себеп болған.

Ерік СЛАН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Конкурстық рәсімдер 2021 жылы басталған болатын. Алайда Успен ауданының әкімшілігімен бюджеттік қаражат 2022 жылға аударылуына байланысты мемлекеттік сатып алудан бас тартылған болатын. Осы бас тарту әрекетімен келіспеген жеңімпаз компания өзінің заңды мүддесін қорғау үшін сотқа талап арыз берілген болатын. Успен ауданы әкімшілігінің әрекеті сот шешімімен заңсыз деп танылды екі инстанция бойынша.

Успен ауданында 21 елді-мекеннің тек жартысы ғана орталық су құбырына қосылған. Қалған елді-мекендер таза судан тарығып отыр. Ал сапалы суға қол жеткізген 4 ауылда әлі күнге дейін ортақ тариф бекітілмеген. Есептегіш қойылмағандықтан бұқара қарызға белшеден батып қаламыз ба деп алаңдайды.

Ө. Қуанар