$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордада сот саласында биыл 2 мыңға жуық іс медиация тәртібімен қысқартылған

AstanaTV
18.10.2022ж. 20:00
1560
Қызылордада сот саласында биыл 2 мыңға жуық іс медиация тәртібімен қысқартылған

Қызылордада сот саласында биыл 2 мыңға жуық іс медиация тәртібімен қысқартылған. Бұл туралы медиаторлардың форумында айтылды. Мұндай көрсеткіш сала мамандарының жетістігі, елдің сеніміне ие болғандығының көрінісі деген баға берілді.

Ардақ Әділ шалғайдағы ауылда 5 жылдан бері медиатор болып қызмет істейді. Жеңіл дау-дамайдан өзге 35 күрделі мәселенің күрмеуін сотсыз шешуге мұрындық болдым дейді ол.

Ардақ ӘДІЛ, ҚОҒАМДЫҚ МЕДИАТОР:

Көбісі отбасылық жағдайлар, түсініспестік. Кейбірі ағайындардың ортасында болатын мәселелер. Ақша беру, ақша алу деген сияқты. Осы мәселелерде, егер олар соттасып кететін болса, олардың артында қаншама кісі бірін-бірі жек көріп, екі топқа бөлінер еді.

Жалпы облыста 600 кәсіби, 150-ден аса қоғамдық медиатор бар. Олардың барлығын сотсыз татуласу орталығы бір арнаға тоғыстырып отыр. Онда соңғы екі айдың өзінде 300-ге жуық адам жүгінген.

Жанна МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ, БІТІМ МЕДИАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Дау-жанжалды, кез келген мәселені сотқа дейін шешу мақсатында осы медиация жаңа сала болып табылады. Кәсіби медиаторлардың көмегімен көптеген мәселелер шешімін тауып жатыр. ол біріншіден қаржы жағынан үнем болса, екінші жағынан үнем.

Сот саласы мен медиация мамандары тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Шалғай-елді мекендерде де құқықтық насихат жұмыстарын бірге атқаруда.

Мөлдір АСАНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША СОТТАР ӘКІМШІСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Медиациямен қысқартылған істер, сотқа түсетін 1 талап-арыз болса да жүктемені азайтады. Көп жағдайда неке және отбасы қатынастарынан, бала даулары бойынша сондай даулармен жиі кездеседі. Қазір қылмыстық істерде де жеңіл істер бойынша осы медиациямен реттеліп жатыр.

Форумға қала мен аудандардан 100-ден аса медиатор қатысты. Шара барысында олардың бірқатары арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

М. Тоқтасынқызы