Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Терезеден лақтырып жіберемін». Алматыда 9 жасар мектеп оқушысын біреулер қорқытқан

AstanaTV
19.10.2022ж. 20:00
1250
«Терезеден лақтырып жіберемін». Алматыда 9 жасар мектеп оқушысын біреулер қорқытқан

Елімізде мектеп оқушыларының 65 проценті қысымға ұшырап, буллингтің құрбаны болады. "Ал мұның соңы көп жағдайда өліммен аяқталады деп" мамандар дабыл қағуда. Балалар арасындағы әлімжеттік қашан тыйылады? Буллингтің қалай алдын алуға болады? Мөлдір Жақан ата-аналармен, мамандармен тілдесті, жауап іздеді.

Анна Орлованың айтуынша, оның 3 сыныпта оқитын ұлына оқу жылының басында жоғарғы сынып оқушылары қысым көрсеткен. Бір топ бала 9 жасар жеткіншекті мектептің спорт залында күштеп ұстап, «терезеден лақтырып жібереміз» деп қорқытыпты. Бұдан кейін ұлым мектепке барудан бас тартты дейді.

Анна ОРЛОВА, АТА-АНА:

Әдеттегідей ұлымды мектептен алып кетіп бара жатқанда, оның өзін жайсыз сезініп тұрғанын байқадым. Оның алақандары терлеп, дауысы дірілдеп, қобалжып тұрды. Мен не болғанын сұрай бастаған соң, ол мән-жайды айтып берді. Жоғарғы сынып оқушылары қоқан-лоқы көрсеткен. Ал мектеп әкімшілігі бейғам отыр. Оларға баланың моральдық денсаулығы маңызды емес.

Мектеп әкімшілігі тиісті шара қолданбаған соң, Анна Орлова балаларды қолдау қорына жүгінгенін айтады. Жыл басынан бері бұл ұйымға буллингке қатысты 42 шағым түскен.

Светлана БОГАТЫРЕВА, ҚОРДЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ, ПСИХОЛОГ:

Буллинг адамның жүйке жүйесінің тозуына, адамның өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Оған жол беріп қойып, қарап отыруымызға болмайды. Сондықтан сарапшылар, психолог мамандар, медиаторлар мен құқық қорғаушылар бірігіп, буллингке қарсы күрес жүргізіп, жүйелі түрде жұмыс істеуі керек.

Психологтар буллингтің кез келген түрі қауіпті дейді. Физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық қысым көбейген. Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова мектептерде енді ресми түрде буллингке қарсы ережелер енгізілетінін айтты.

Халида ӘЖІҒҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ:

Бірде-бір директор маған келіп, буллингке қарсы күресу үшін көмек сұраған емес. Құлшыныстары жоқ. Сондықтан, мектептерге мұны міндеттеп қою керек. Қазір Оқу-ағарту министрлігі осыны қолға алды.

Сондай – ақ, сарапшылар мектепте буллинг болған жағдайда оқу орнына тәуелсіз тексеріс жүргізілуі керек дейді

М. Жақан