Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

"Бұл - ата-бабалар аманатының орындалған күні", - ғалым

AstanaTV
19.10.2022ж. 20:00
1765
"Бұл - ата-бабалар аманатының орындалған күні", - ғалым

25 қазан - Республика күні биыл кең көлемде аталып өтіледі. Бұл дата еліміздің мемлекет құру жолындағы алғашқы қадамы дейді тарихшылар. Халық егемендіктің айғағы, бірліктің бастауы деп бағалайды. Сондықтан маңызы мен мәні ерекше екенін айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

13 жыл бойы аталмай келген мереке қайта тойланатын болды. Бұл жаңалықты қоғам қараткерлері мен белсенділер ерекше қабылдады. Қуанды. Сүйіншілетті. Ал қарапайым халық 25 қазанның қандай мереке екенін біле ме? Сұрап көрейік.

БЛИЦ:

 - 25 қазанды демалыс күні ретінде жарияладық. Бұл күннің қандай мереке екенін білесіз бе?

- Біздің республикамыздың күні. Егемендік алдық қой.

- 25 қазан білемін праздник.

- Республика күні. Халықтың үлкен еңбегі, үлкен жеңісі. Осындай біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылған күн.

Иә, 25 қазан -ел тарихында алтын әріппен жазылған айтулы күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл - 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Алайда 2009 жылы заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. Ал биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Жомарт ЖЕҢІС, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұл ұсыныс мемлекетіміздің парламентінде қаралып, осы қыркүйек айында депутаттардың бірауыздан қолдауымен қайтадан ұлттық мереке статусына ие болды. Бұл мейрам ата-бабалар аманатының орындалған күні деп есептеуге болады. Сондықтан бұл мейрам шоқтығы биік, қоғамдық- саяси, мемлекеттік маңызы бар ерекше мейрам.

Қазан айындағы мерекенің қайта жаңғыруы мемлекеттің одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді. Серікзат Дүйсенғазының сөзінше, бұл күн елімізге еркіндік пен қауіпсіздік алып келді. Араға жылдар салып, қайта жаңғырған мереке халықтың бірлігін онан әрі нығайта түседі дейді.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ «ТЕЛЕРАДИО ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС» КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Республика күні деген бұл – мемлекеттің күні ғой енді. Мереке дегеннің өзі, жалпы, халықты біріктіретін, халықты бірлікке, берекеге шақыратын дүние ғой. Сондықтан осы республика күні бәріміздің мерекеміз, біздің жүрегімізге орнығып, келешекте бүкіл қазақ халқы тойлап жатса, нұр үстіне нұр деп ойлаймын.

Бұған дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Президенттің айтуынша, ол күн мереке емес, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан батырларға тағзым ету күні боп аталып өтіледі.

А. Задабек