Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қауіпті аймақта жұмыс жасайтын дәрігерлер қалай қорғалады?

Қауіпті аймақта жұмыс жасайтын дәрігерлер қалай қорғалады?

Қауіпті аумаққа баратын жедел жәрдем дәрігерлеріне арнайы қорғаныс құралдары жетіспейді. Алматыдағы терактіден соң Жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары осылай деп мәлімдеді. Ришат Асқарбекұлы қанды қырғын күні оқиға орнына жеткен дәрігерлермен тілдесіп келді.

Дүйсенбідегі дүрбелең кезінде Злата Еременконың бригадасы Алмалы ауданындық ішкі істер басқармасына дереу жеткен. Дәрігерлер атыс болған жерге жеткенде күдікті сол маңнан алыстай қоймапты. Олар оқиға орнына тез келгенімен, өз қауіпсіздіктерін ойламағандарын айтады.

Злата Еременко, Алматы қаласы жедел жәрдем станциясының дәрігері:

Атыс болған жерге келген кезде біздің алдымызда 25 жастағы жас жігіт жатты. Ол қатты жараланып, қатты қансырағаны көрініп тұрды. Ол полиция қызметіне іс-тәжірибеден өту үшін келген екен. Сол жердегі өзге полиция қызметкерлері біздің жасырынуымызды талап етті. Себебі сол маңда оқ атқан күдіктінің бар екені айтылып жатты.

Жедел жәрдем қызметі дәрігерлерінің бейбіт күнде зардап шегетін оқиғалары баршылық. Алматыда өткен жылы 18 дәрігерге шабуыл жасалған. Сондай оқиғалардың бірі ел есінде. Дәрігерлік бекеттің фельдшері қызметте жүріп, басынан соққы алған болатын. Жарты жылдық емнен соң жақында қызметіне қайта оралды.

Полиция қызметкерлері сияқты дәрігерлер де арнайы қорғаныс құралдарымен жабдықталуы тиіс. Жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Павел Бурда оқиға ошағына аттанатын дәрігерлер өзгенің өмірі үшін өз бастарын үлкен қатерге тігетінін айтады.

Павел Бурда, Алматы қаласы жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

Біздің қызмектерлердің ешқайсысы да ондай қауіптерден сақтандырылмаған. Ең бастысы - осындай оқиға кезінде арнайы қорғаныс құралдары мен киімдердің болуы маңызды. Кешегідей оқиға кезінде оқтың қайда ұшатынын ешкім болжай алмайды. Сонда дәрігерлер қалай қорғануы тиіс?!

Жазылбек Әбдин, Ақтөбе жедел көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері:

Ақтөбедегі террорлық акт кезінде біздің дәрігерлер де көзсіз ерлікке барды. Күдіктілер де ауруханаға түсіп жатты. Оларға да көмек көрсетілді. Сондықтан біздің дәргіерлердің қауіпсіздігін ойлап жатуға мұршамыз болған жоқ. Олардың негізгі миссиясы - науқасқа қол ұшын созу еді. 

Ақтөбедегі оқиғадан соң ауруханаға түкен науқастардың барлығы үйлеріне шығарылған. Бұл туралы аймақ дәрігерлері мәлімдеді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ал Алматы дәрігерлері Руслан Күлікбаев атқан оқтан жараланған науқастардың өмірін сақтап қалуға әлі де күш салып жатыр. Ауруханада жатқан 5 полицейдің біреуі ғана палатаға ауыстырылды. Жақында үйіне шығарылмақ. Ал қалғандарының халі ауыр. Оның бірі әлі ес-түссіз жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ