Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Елордада Республика күні қандай шаралар өтеді?

AstanaTV
21.10.2022ж. 20:00
2359
Елордада Республика күні қандай шаралар өтеді?

Астанада Республика күніне орай 200-ден астам маңызды, әртүрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланған. Мерекелік шаралардың дені – мәдени-бұқаралық шаралар. Алда үлкен концерттер, театр сахналарында да тақырыпқа сай қойылымдар әзірленуде. Ең ауқымды мәдени шара барысында танымал шығармашылық ұжымдар, әншілер, ансамбльдер өнер көрсетпек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, Республика күні биыл қайта жаңғырды. Оған Ұлттық мереке мәртебесі берді. Осыған орай ел астанасында 8 үлкен концерт өтпек. Ұйымдастырушылардың шақыртуымен өңір-өңірден елордаға қонақтар келеді.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ- АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ұлттық мереке тұжырымдамасы аясында қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Республика күніне орай қалада 200-ден астам түрлі форматтағы шара ұйымдастырылады. Оның жартысы өтті. Сонымен қатар әр ауданда түрлі салада қызмет етіп, еңбегі сіңген мамандар мен ерлік жасап ел ықыласына бөленген азаматтар марапатталады.

Сонымен қатар, мереке күні қалада тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Балалар мен оқушыларға арналған арнайы тақырыптағы көрмелер, еліміздің өткен тарихы туралы танымдық сағаттар, қойылымдар, спорттық біріншіліктер өткізілуде. Айтулы күннің құрметіне жоспарланған барлық іс-шаралар қоғамның Тәуелсіздік құндылықтары төңірегінде шоғырлануына, әрбір қазақстандықтың Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру идеясына азаматтық қатысуын нығайтуға ықпал етуді мақсат тұтқан.

Нұран КАМЗИН, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

25 қазан күні 13 жылдан кейін алғаш рет Республиканы күні атап өтіледі. Осыған орай Астана қалалық мәдениет басқармасы 30-дан астам мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл шара Астана қаласының 6 театры, жастар сарайы, Астаналық цирк, мұражайлар жүйесінің ұйымдастыруымен іске асады.

Ал соңында Әнұранды жаппай орындау бойынша акция жоспарланып отыр. Мерекеге тарту ретінде 25-ші қазан күні 21.00 де отшашу болады.

Ә. Дүкембаева