Маңғыстау автопаркі жаңа автобустармен толықты. Республика күніне орай өңірге он алты қоғамдық көлік жеткізілді. Енді облыс орталығы мен Мұнайлы ауданын жалғайтын нөмірі 105 бағыттағы автобустар толығымен жаңартылды.
Маңғыстауда мұндай автобустар бұрын-соңды болмаған. Wi-Fi, бейнекамера, GPS, ауа баптағыштары бар жаңа 16 автобус пайдалануға берілді. Әр қайсысының сыйымдылығы 78 орын. Автопарктің жаңартылуына бірінші кезекте жолаушылар қуанышты.
Гүлнар ТАСБОЛАТОВА, МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қоғамдық көліктің ұнаған жері, ішінде салқындатқышы бар. Интернеты бар. Қазір қоғамдағы жастардың көбісі әлеуметтік желінің интернетты көбірек пайдаланады деп ойлаймын. Бір жағынан тағы бір ұнаған жері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындығы бар.
Жаңа автобустар отандық өнім. Қарағанды облысындағы "Қазтехно" зауытында шығарылады. Сонымен қатар, автобуста мүгедектігі бар жандарға арналған орын, телефон қуаттағыш бар. Автобустар «Каспий» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы «Ақтау қаласы мен Маңғыстау өңірінің автобус паркін жаңарту» жобасы аясында 7 жыл мерзімге лизинг шартымен сатып алынды. Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд теңге.
Бекнұр БЕЙІСОВ, "КАСПИЙ" ӘКК " АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстанда осы модельдерді тұңғыш рет Маңғыстауға әкеліп отырмыз. 1,4 млрд қаражат жұмсалынды. Оның барлығы Лизинг бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
16 жаңа автобустың 12-сі Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау бағыты бойынша жүретін болады. Қалған төртеуі Ақтау қаласының автопаркін толықтырды. Айта кетейік, маусым айында осы жоба аясында 12 автобус Ақтау қаласындағы №2 маршрутты жаңалау үшін қолданысқа берілген болатын.
Ә. Дүкембаева