Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында шаруалардың мерейі үстем болды

AstanaTV
26.10.2022ж. 20:00
816
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында шаруалардың мерейі үстем болды

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында шаруалардың мерейі үстем болды. «Алтын дән» мерекесі аясында бірқатары алғыс хаттармен марапатталып, құрметке бөленді. Ал сөз маржанын терген ақындар берекесі тасыған өңірді жырларына арқау етті. Мерекелік кеш гала концертпен қорытындыланды.

Ғалымжан Тұрақбаев бау-бақшының бабын тауып, мол өнім алған. 20 жылдан бері Жер анадан несібесін теріп отырған оның еңбекқорлығы көпке үлгі. Балаларын да осы жолда тәрбиелеуде.

Ғалымжан ТҰРАҚБАЕВ, ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ала жаздайғы ерен еңбегімізді бағалап, «Алтын дән» мерекесінде ерен-еңбегімізді марапаттап жатқанына алғысым шексіз. Алдағы күндерде де халқыма деп, маңдай терімізді төгіп, Қазақстаныма деп қызмет етуге дайынбыз.

Республика күнімен қатар келген «Алтын дән» мерекесінде қарапайым шаруа адамдары құрмет төрінен көрінді. Сушы, комбайншы, күрішшілерді қосқанда 60-қа жуық адам арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Асқарбек ЕСЖАНОВ, ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Шіліңгір шілденің ыстығына, аңызақ желіне, судың тапшылығына қарамай, егіннен үлкен өнім жинап, елдің ризық-несібесіне айналдырған егінші қауымға қандай мақтау да, марапат та, алғыс айтсақ артық емес.

Ақ маржаны алтынның құнынан кем түспейтін күрішті өлкені ақындар да жырларына арқау етті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сөз зергерлері халыққа керемет кеш сыйлады.

Мұхтар НИЯЗОВ, АҚЫН:

Республика күні деген бұл тек қана мерекелеп тойлай салатын күн емес, астарына үңіліп, тарихы санамызды, жадымызды, руханиятымызды қалыптастыру. Осы саламен, шарамен салаластырып, республикалық ақындар айтысының қойылуы да тегін емес.

Аламаннан озап шыққан жүйріктер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал Ұлттық мереке өнер адамдарының қатысуымен өткен гала концертпен қорытындыланды.

М. Тоқтасынқызы