Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ерекше балалар ат-сауықтыру кешенінде ем алады

AstanaTV
26.10.2022ж. 20:00
1941
Ерекше балалар ат-сауықтыру кешенінде ем алады

Ұлттық мереке Республика күніне орай астаналықтарға арнайы сый жасалды. Елімізде теңдессіз «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешені ресми түрде ашылып, олимпиадалық ойын конкурдан ашық біріншілік өтті.

Ұлттың қуаты – Ұлттық спортта! Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Республика күніне орай «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді. Астана, Қарағанды, Алматы қалаларынан келген 50-ге жуық шабандоз конкурдан биіктігі мен күрделілігі бойынша үш түрлі бағытта бақ сынады.

Ерлан ҚАНАЛИМОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ОЛИМПИАДАЛЫҚ АТ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, АСТАНА ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Конкурдан бұл олимпиадалық спорт түрі және өзіміздің қазақтың дәстүрлі ат спорт түрлерін дамытуға, өзінің ерекше үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл орталық болашақ чемпиондарымызды, болашақ халықаралық турнирлердің жеңімпаздарын шығарады, соның бір қарашаңырағы болады деп ойлаймын.

Конкур - ат спортының ішінде ең әсерлі әрі бейнелі олимпиадалық ойын. Бұл жарыста спортшы мен жылқының кедергілерден жүріп өткен жолы сыналады. Төрешілер жолдың жылдамдығы мен тазалығына мән береді. Әрбір құлаған кедергі үшін айыппұл секундтары бар.

Кәрімбек ҚҰРМАНАЛИЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Алдымызда атқа мінген жап-жас 13 жасар балалардың ат спортының сүйкімділігін, тартымдылығын көрсеткені көрермендердің қанаттандырып, айқайлап тұрып кеткенін көрдіңіздер. Бұл деген не? Спортқа деген мотивация беру.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 6 млн 750 мың теңге. Екі күнге созылған сайыстың нәтижесі бойынша балалар санатында Амира Қабжанова, жас жылқы аталымымен Ред ривер, ашық класс категориясымен Ержан Мағжаев жеңімпаз деп танылды. Алдағы уақытта жаңа ғимаратта ерекше балалар иппотерапиялық ем қабылдаса, ашық әрі жабық алаңда ат спортының бірнеше түрінен халықаралық жарыстар өтетін болады.

Р. Бақытжанқызы