Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

60-тан астам сәйгүлік 20 шақырымды артқа тастады

AstanaTV
26.10.2022ж. 20:00
969
60-тан астам сәйгүлік 20 шақырымды артқа тастады

Елордада республика күніне орай аламан бәйге өтті. Жарыс Астана маңында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде ұйымдастырылды. Оны тамашалауға келген бұқараның қарасы қалың болды. Толығырақ Мерей Қалиасқар тарқатады.

Этноауылда ине шаншар жер болмады. Бас қала тұрғындары мен қонақтары

«Арғымақ» ат - сауықтыру спорт кешенінің ашылуын естіп, жапатармағай қуана келді. Алдағы уақытта кешен балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға қызмет етпек. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап иппотерапия әдісі арқылы оңалту шаралары өткізіледі.

Есет БАЙКЕН, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ата-аналар тарапынан бірнеше жылдар бойы осы әкімдіктен сұрап жүрген болатын. Осы кешеннің ішінде тек қана иппотерапия емес, біздің олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерінен конкур және басқа халықаралық деңгейде өткізілетін шараларды өткізуге барлық талаптарға сәйкес келетін керемет кешен ашылды.

Айтулы мерекеде 14 шақырымдық топ бәйге мен 20 шақырымдық аламан бәйге өтті. Жүлде қоры -17 миллион теңге.

Бағдәулет СӘБИТОВ, ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мынадай үлкен ашылып отырған ғимараттарымыз жалғасын таба берсін. Әрі қарай да ұлттық спорттың жабық ғимараттағы көкпар алаңдары салынса деген тілегіміз бар.

Шараны қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы мен қалалық «Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ұйымдастырды. Еліміздің әр өңірінен 70-ке тарта саңлақ, шашасына шаң тимес сылаңторылар жиналып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан шабандоздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал бәйге жарысына тақымын қысып келген көрермендер де құр кетпеді. Олардың арасында да құнды сыйлықтар ойнатылды.

М. Қалиасқар