Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елордада Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Еуропалық Кеңес Президенті кездесті

AstanaTV
27.10.2022ж. 20:00
1346
Елордада Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Еуропалық Кеңес Президенті кездесті

Астана тағы да халықаралық саяси диалог алаңына айналды. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Еуропалық Кеңес Президенті Елордада кездесті. Алдымен Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельмен Қасым-Жомарт Тоқаев жолығып, екі жақты келіссөздер жүргізді. Қазақстан - Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Келесі жылы тараптар арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде елімізге Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Ал жыл басынан бері тауар айналымы 43 процентке өсіп, 26 миллиард долларға жетті. Осылай деген Президент Еуропалық Одақ мемлекетіміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент Мишельдің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған сүбелі үлесін жоғары бағалаймыз. Біз екіжақты ықпалдастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін кең ауқымды әрі мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Кездесуіміз өзара сенім және түсіністік рухында өтті. Біз мазмұнды саяси диалогтың қарқынын одан әрі күшейтеміз деп уағдаластық.

Тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Жаңартылатын энергия мен «жасыл» сутегін өндіру мен бөлу орталығын құру жобасы бойынша инвестиция туралы келісімге қол қойылды. Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.

Шарль МИШЕЛЬ, ЕУРОПАЛЫҚ КЕҢЕС ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен де кездесті. Тараптар қазақ-қырғыз қатынасының көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық аспектілерін талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды қарсы алды. Қазақстанда бас қосқан олар саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларды дамыту мәселелерін талқылады. Бейбітшілік, қауіпсіздік, демократия, заң үстемдігі, орнықты даму жолында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді. Мемлекет басшысы әлемде геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта Орталық Азия мен Еуропада орналасқан елдердің арасына қабырға емес, көпір салуымыз керек - деді.

А. Задабек