Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Тұншыққан қарағандылықтар көмек сұрайды

AstanaTV
27.10.2022ж. 20:00
1673
Тұншыққан қарағандылықтар көмек сұрайды

Қарағандылықтар зауыттардан шыққан қызғылт түтін мен өткір иіске тұншығып отырғандарын айтып, көмек сұрайды. Олар жаппай аллергияға шалдыққандарын жеткізді. Таза ауа жетпегеннен талып қалатындары да бар көрінеді. Талай табалдырықты тоздырғанмен құзыретті орындар экологияны тексеруге неге асықпай отырғанын түсіне алар емеспіз дейді. Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Айжан Қуаш анықтап көрді.

Бұл кадрларды тұрғындар өздері түсіріп алған. Қою түтіннің зардабын тарттық деген бұқара ферромарганец шығаратын зауытқа жақын тұрады.

Тамара ИШХАМЕТОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Белгісіз қызыл шаң басып қалады. Қайта-қайта терезені сүртіп тазалаймыз. Иісі өткір. Немерелерім аллергиямен ауыра береді. Жақында бізге жанымыздағы бұлақтан су ішпеңіздер деп ескертті. Зауыт бұлаққа арам су ағызып жатыр екен.

Сұрыптау ықшам ауданы тұрғындарының айтуынша кәсіпорын осыдан екі жыл бұрын іске қосылған. Содан бері бұл маңның ауасы нашарлап кетті дейді

Лариса ЛЕПИХИНА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Зауыт марганец өңдейді. Ол өкпеге, жүрек, қантамырға зиян. Аллергияның көбеюі де содан. Түтіннің қызғылт түсі де сол марганецтен. Зауыт ауаны тазартпайды. Фильтрлерін кешке ағытып тастауы мүмкін. Түнде тіпті қоюланады. Ауаның ластануын ешкім тексермейді.

Ферромарганец зауытына бізде хабарластық. Басшылық кейін хабарласамыз деп құтылды. Ал жергілікті экология департаментінің өкілдері, алдымен ауаның ластану деңгейін анықтау қажет екенін айтты. Әзірге қызғылт түтін қай кәсіпорыннан шығатынын білмейді.

Дархан ЕСЖАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Әрине Қарағанды өңірі өнеркәсіптік өңір ғой. Оның үстіне жер үйді жылыту көмірмен атқарылады. Желсіз күндер болғанда ол қаланың маңайында шоғырланады, сондықтан ол смог болады. Егер де мысалы шектен шығу үлкен болса қараймыз қай жақтан ол, қай өнеркәсіпке тиесілі. Соның бәрін салыстырып шаралар қолданамыз».

Дархан Есжанов жұрт күдіктенген кәсіпорынды тексеру үшін, алдымен тұрғындар экология департаментіне ресми арыз жолдауы керек екенін ескертті. Сол шағымның негізінде ғана тексеру басталуы мүмкін.

А. Қуаш