Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

2015 жылы ШҚО-да қызыл судың салдарын жойған құрылыс компаниялары қарыздарын ала алмай жүр

AstanaTV
27.07.2016ж. 20:00
2471
2015 жылы ШҚО-да қызыл судың салдарын жойған құрылыс компаниялары қарыздарын ала алмай жүр

Зырян аудандық әкімдігі кәсіпкерлерге 120 миллион теңге қарызын қайтармай жүр. Ол 2015 жылы қызыл судың салдарын жойған 4 құрылыс компаниясы. Әбден қажыған олар жергілікті билікті сотқа беруге мәжбүр. Қаржы неге берілмей отыр? Тілші тарқатады.

Өткен жылдың мамыр айында қызыл судың кесірінен Зырян ауданында 356 баспана су астында қалған еді. Ағыны қатты қар суы жолындағы көпірлерді, жолдарды, тұрғындардың қоралары мен малын түгелімен шайып кеткен еді. Төтенше жағдай кезінде тұрғындарды аман алып қалу үшін, табиғат апатына төтеп беру үшін жергілікті билік Зыряндық 4 арнайы кәсіпорынға жүгінген. Әр секунд санаулы сәтте құрылыс компаниялары келісімшарттың заңды жақтарына аса назар аудармай, тек «ниет шартын» жасаған.

Азат Төлеуқанов, құрылыс компаниясының директоры:

Біз қолымызда тек «ниет шарты» бола тұра, ешқандай жаман ойсыз жұмысқа кірісіп кеттік. Шарттың өзінде екі сағаттың ішінде төтенше жағдайдың салдарын жоюға кірісу керек деп көрсетілген болатын. Біз бірден мердігерлер мен қосымша мердігерлерді жалдадық. Шартта көрсетілген жұмыс көлемін толық орындадық.

Тіпті құрылысшылардың жүргізген жұмыстарын арнайы комиссия мен тәуелсіз сарапшылар тексеріп, еш ескертусіз қабылдап, тиісті қорытынды шығарған. 

Документы все сданы, надлежащим образом оформлены, а денег нет.

Илья Смирнов, құрылыс компаниясының директоры:

Жанар-жағармайға өткен жылдан бері қарызбыз. Жұмысшылардың еңбек ақысы әлі төленген жоқ. Адамдар артымыздан қалмай, ақшаларын сұрайды. Шынында, ол кісілердің еш кінәсі жоқ қой бұл жағдайда.

Зырян қаласының 4 құрылыс компаниясы 120 миллион теңге қарызды бірнеше ай бойы күткен. Бірақ қарызға белшеден батқан компаниялар Зырян әкімдігін сотқа берген.

Азат Төлеуқанов, құрылыс компаниясының директоры:

Бізге сот, ниет шарты бар, бірақ негізгі келісімшарттың болмағандығынан, бас тарттып, біздің пайдамызға қарай оң шешім шығармады. Ал негізгі шартты жасау үшін қаржы жоқ. Ең қызығы - қаржыны алу үшін негізгі келісімшарт жоқ. Шешімі жоқ бір тұйық шеңбер. Одан шығу жолын біз де, әкімдік жұмысшылары да білмейді.

Галина Казанцева, ШҚО шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы:

Қиын жағдайда құрылысшылардың қадірі болды. Олардан келіп көмек сұрады. Олар қолдан келгенше адамдарды аман алып қалды. Ауылдарды қалпына келтірді. Енді жергілікті биліктің құжаттарды қате толтырғаны үшін қарапайым жұмысшылар неге жапа шегуі тиіс.

Қаржылық жағдай жайлы облыстық әкімдіктегілер хабардар. Бірақ қайткенімен жағдайдың ақ-қарасын сот ажыратады деп отыр.

Димитрий Гариков, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Біз мердігер кәсіпорындар тағы да сотқа жүгіну керек деп келістік. Сонда сот жаңа жағдайға орай Зырян аудандық әкімдігімен құрылыс компанияларының арасындағы ниет шартын негізге ала отыра, Табиғи ресурстар басқармасын мердігер компанияларға қаржыны аударуды міндеттейтін шешім шығара алады.

Қазіргі күні қиын жағдайға тап болған құрылысшылардың жағдайын облыстық прокуратура мен «Атамекен» ұлттық палатасының заңгерлері бақылауға алған. Сондықтан құрылысшылар қаржылық істің шешімін табар деп үміттенеді.

Берік ХАСЕНОВ