Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Халықтың несиесі кешіріле ме?

AstanaTV
01.11.2022ж. 20:00
1605
Халықтың несиесі кешіріле ме?

Қазақстанда 1,5-2 миллиондай адам банкрот болуы мүмкін. Өйткені қарызын төлей алмай отырған жеке азаматтар саны осыған таяу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Заң қабылданып жаста, банкроттық – борышкер жеке тұлғаларға не береді?

Қазақстанда еңбекке жарамды халық саны 9 млн-ды құрайды. Оның 6 млн 200 мыңы екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеген. Несие бюросы бүгінде 1 млн-нан астам азаматтың, несие өтеу мерзімін бұзғанын растап отыр. Оған негізінен жұмыстан шығып не жұмысқа жарамсыз болып қалу жайттары себеп. Әлеуметтанушылардың пікірінше бүгінде азаматтардың басым бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлаған.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы мәселе 2014 жылдан бері көтеріліп келеді. 2015 жылы Парламент әзірлеген арнаулы заң біраз талқыға түскен. 2016 жылы Үкіметтің сүзгісінен өтпей аяқсыз қалды. Ал бұл жолы Президенттің пәрменімен Қаржы министрлігі халықаралық тәжірибені ескеріп заң жобасын қайта әзірлеген. Жұмыс тобы құрылған, қыркүйек айынан бастап олар заң жобасын белсенді түрде талқылап келеді. Дегенмен, несиесін төлей алмағанның барлығына кредиттік рақымшылық қолданылмайды.

Юрий ЛИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазір жоба Мәжіліс қарауына жіберілген. Банкрот деп тануға 6 ай мерзім жеткілікті. Борышкер санатындағы, кредитін 5 жыл төлемеген азаматтар әрине бірінші кезекте осы тізімге бір өтінішпен қосыла алады. Әрине, жеке тұлғаның басқа да бейресми кірісі болуы мүмкін. Ол бойынша сот орындаушылар жұмыс істегенін ескеру керек. Үйлестірушілер берген 1,5 млн адамның 90 күн ішінде төлем жасамауы әлемдік тәжірибеде «қалыпты» дүние. Меніңше 100 мың адам ғана бұл мүмкіндікті пайдалана алады деген болжам бар.

Ал экономистер қазіргідей экономикалық тұрақсыздық тұсында азаматтардың жаппай қаржылық сауаттылығын арттыру қажет деп есептейді. Сонда несиені ақылмен алар еді деген пікірде. Қаржылық ұйымдар несие беру талаптарын қатаңдатса, қоғамдағы әлеуметтік масылдықтың алдын алатынына сенімді.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Несиелік рақымшылық, несиені толыққанды жойып беру сияқты бір бір жолғы акциялардың қайталана беруі дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені, осы бір акцияларды тағы да қайталай беретін болсақ бірінші кезекте әлеуметтік масылдықтың қалыптасуына орын аламыз. Екіншіден бұл тағы да келеңсіз жағдайлардың қайталануына мүмкіндік береді.

Ал бұқара әлеуметтік осал тобындағы азаматтардың несиесі кешірілуі керек деп есептейді.

Жалпы өзін өзі банкрот деп тану қарыз жүктемесінен құтылуға және қайта белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді. Алайда банкрот деп танылған тұлғалардың берешектері шегерілгенімен бірқатар шектеулер қолданылады. Азаматтар 5 жыл бойы несие алуға тыйым салынады. Шетелге шыға алмайды. Жеке азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады.

Р. Бақытжанқызы