Алматы облысы Қызылту ауылының оқушылары сынып кабинеттерінің тапшылығынан сабақты акт залында оқуға мәжбүр. 788 орындық мектепте 2000-ға жуық бала білім алып жатыр. Жергілікті тұрғындар мұны көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе екендігін айтады. «Ал әкімдік құрғақ уәдемен тойдырады»,- дейді. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Қызылтудағы жалғыз мектепке көрші ауылдардан да бала ағылып келеді. Бірақ оларды таситын арнайы автобус жоқ. Ал қаламен екі ортаға қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік жүргізушілері оқушыларды «сыймайсың» деп, мінгізбейтін көрінеді.
Тоғжан МҰҚАШҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛТУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Автобустардың кейбіреулері тоқтамай кетіп қалатыны бар. Автобус өте қазір жиі жүрмейтін болып кетті. Алыс аралары, өте алыс. Именно балаларға тоқтамайды. Қаншама бала бар. Оқушылар әр жақтан осы мектепке келіп оқиды.
Мектеп әкімшілігі білім ордасына оқушылардың сыймай жатқанын мойындады. «Сынып кабинеттерінің тапшылығынан балалар сабақты акт залында оқуға мәжбүр»,- дейді. Кейбір пәндер онлайн өтеді. Себебі, көрші ауылдағы мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Сондықтан, ондағы 600 оқушы қазір Қызылту ауылына қатынап жүр. Ал жөндеу жұмыстары қашан аяқталары белгісіз.
Шайзат ҚАЛЫҚОВА, № 24 ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Мектептің сыйымдылығы- 788 орындық. Бірақ қазіргі таңда 2000-ға жуық бала оқып жатыр. Биылғы оқу жылынан бастап Гүлдала округінде 21 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сол мектептің 600 баласы біздің мектепке келіп оқиды.
Елдімекенде мұнан өзге де мәселе көп. Жұрт жарыққа жарымай отыр.
Галина АРЗАМАСОВА, ПАНФИЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ:
Билік пен қоғам арасында байланыс жоқ. Барлық мәселе осыдан туындайды. Мектеп те, жарық та болады деп уәде бергендеріне көп болды. Еш нәтиже жоқ. Осыған дейін Қызылту ауылында 4 адамды көлік қағып кетті. Себебі, жарық жоқ.
Ал әкімдіктегілер, әдеттегідей, ақталып әлек. «Барлығы қаражатқа келіп тіреледі»,- дейді. Сөздерінше, 2023 жылы ауылда жаңа мектептің құрылысы басталады. Автобус мәселесі де оқу жылының екінші тоқсанында шешілетінін айтты.
Сәуле МЫҚТЫБАЕВА, ПАНФИЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мектеп туралы бізде 2 де 42 жер учаскесі дайындалып, сол жерге ПСД өтті. Экспертизадан өтті. Барлығы дайын. 600 орындық мектеп салынады. Подвоз бойынша 19 қазан күні порталға заявка берілді конкурс бойынша. Бала санына байланысты заявка бердік.
Билік өкілдері бәрін тас-түйін етеміз деп уәдені үйіп-төккенімен, тұрғындардың бұған сенгісі жоқ. Себебі, бұған дейін де талай сөз айтылған.
М. Жақан