Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Батыс Қазақстан облысының үш ауданында әлі жарық жоқ

AstanaTV
02.11.2022ж. 20:00
1765
Батыс Қазақстан облысының үш ауданында әлі жарық жоқ

Батыс Қазақстан облысының үш ауданында әлі жарық жоқ. Мыңдаған отбасы кешелі бері қараңғыда отыр. Ал өңір шенеуніктерінің айтуынша, аймақтағы электр желілері тозған. Сондықтан жағдайды қалыпқа келтіру қиын болып жатыр дейді. Енді қандай амал жасамақ? Тұрғындарға жарық қашан беріледі? Өңірден-Еркін Карин.

Жұрт кешеден бері апаттық құтқару қызметіне үздіксіз хабарласып жатыр. Бірақ жағдай қалыпқа келер емес.

Берік АҚКЕРЕЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрінде проблема ғой свет деген. Бәрі токпен жасайды. Үйде қарайған бала бар. Қазір салқын.

Оралға қыдырып келген Амангүл Төлепбергенқызы екі күннен бері Алматыға қайта алмай жүр. Аймақта ақтүтек боран басталғалы, әуе рейстерінің уақыты сағат сайын өзгеріп жатыр.

Амангүл ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ұшақпен тез жетем ғой деп ойлағам. Мұны білгенде пойызға билет алып, ендігі Алматыда отырар едім. Рейсті кешеден бері кейінге қалдырып келеді. Алматыда қарайған шаруам бар, үйде немерем күтіп отыр.

Кеше қардың соңы жаңбырға ұласып, мұз боп қатқан желілердің көбі үзілген. Энергетиктердің айтуынша, облыстың үш ауданы мен қаладағы ықшамаудандар екі күн бойы жарықсыз отыр.

Миржан НҰРТАЗИЕВ, БҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сырым ауданы бойынша 745, Бөрлі ауданы бойынша 1869, Шыңғырлау ауданы бойынша 288 абонент қазіргі таңда жарықсыз қалып отыр. 28 авариялық бригада жұмыс істеп жатыр. Соларға қосымша 35 арнайы мамандандырылған техника, құрамында 92 адам бар, осы бригадалар қазіргі таңда жұмыстарын атқарып отыр.

Өңірдегі электр желілері мен қосымша стансалардың 82 проценті тозған. Соның салдарынан, жыл басынан бері 266 апат тіркеліпті.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Келер жылдан бастап, өңірдегі 2 мың шақырымнан астам электр желісін жөндеу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 20 млрд теңге бөлінбек. Шенеуніктер сонда ғана электр желісінің тозуын 62 пайызға дейін төмендетеміз дейді.

Е. Карин