$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО Бәйтерек ауданының халқы көгілдір отыннан тарықтырған жауаптыларды үйіне қонуға шақырды

AstanaTV
04.11.2022ж. 20:00
2622
БҚО Бәйтерек ауданының халқы көгілдір отыннан тарықтырған жауаптыларды үйіне қонуға шақырды

Қарашаның қара суығында қақаған үйде бүрсеңдеген Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Володар ауылының тұрғындары газ беруші мекеме мен шенеуніктерді қонаққа шақырды. Жауаптылар азынаған үйде тоңып, бұқараның қалай қиналғанын түсінер деген үмітте. Себебі, олар үйге келіп тұрған газдың игілігін көре алмай отыр. Мәселенің мән-жайын Еркін Карин жеткізеді.

Шенеуніктердің газ жүргіземіз деген уәдесін бес жыл күткен жас отбасы биыл несиеге темір пеш сатып алыпты. Бірақ ол пеш дұрыс жанбайды, қызуы да жоқ. Үйін жылыта алмаған ауылдықтардың кейбірі енді қаладан пәтер жалдап, жан бағып жүр.

Ербол НҰРЖАУОВ, ВОЛОДАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде бір-бір кісіден қалдық. Міне от жағып отырғандар отбасымен амалдап отыр. Қалғандарының көбінің семьясы қаңғып кетті. Жалғыз өзім қалдым. Айына 100 мың шығып тұр. Мен үш қыста 1,6 млн тг ақша төледім светке. Алдыңғы күні ауа райының құбылуына байланысты не свет жоқ, не газымыз жоқ, не отынымыз жоқ, бүрісіп бір бұрышта отырдық.

Тірнектеп жиған ақшасына екі қабатты үй салған Өтешовтер отбасы да қазір бір бөлмені паналап отыр. Өйткені әулеттің қара шаңырағы болады деп үміттенген үлкен үйді жылыту мүмкін емес. Амалы таусылған тұрғын енді жауапты мекеме өкілдерін қонаққа шақырып отыр. Газдан зарықтырғандар бізбен бірге тоңса, жағдайды түсінер деген үмітте.

Клара ӨТЕШОВА, ВОЛОДАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Салқында төсекті бір-біріміздің қасына салып, осылай жатамыз. «Қазтрансгазаймақтың» адамы келіп, біздің үйге бір жұма келіп қонып көрсін. Свет жоқ болғанда қалай тұратынымызды келіп қарасын. Қатар-қатар жатамыз залда бір бөлмені жылытып.

Мәлік СЕЙІТОВ ТРЕКИН, АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Мердігер компаниямыз құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда облыстық «Қазтрансгазаймақ» мекемесіне өкім шығаруға жіберген құжаттарын. Енді сол жақтан өкімі шыққаннан кейін ғана «Қазтрансгазаймақ» біздің мына «Интергаз Центральная Азияға» врезка жасауға өтінім жібереді. Құжаттар бір-екі жұма алады ғой.

Ал газ компаниясы өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлерге газ жүргізу үшін тапсырылған құжаттары дұрыс емес. Енді осы кемшілік түзетілмейінше, газ берілмейді. Ал мердігер мұны екі күнде жөндеймін деп сендірді.

Е. Карин