Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қарағанды облысында тағы бір шахта қызметкері токқа түсіп мерт болды

AstanaTV
07.11.2022ж. 20:00
1336
Қарағанды облысында тағы бір шахта қызметкері токқа түсіп мерт болды

Қарағанды облысында тағы бір шахта қызметкері токқа түсіп мерт болды. 24 жастағы азаматтың денесі «Қазақстан» және «Ленин» шахтасының ортасында орналасқан ток трансформаторының жанынан табылған. Алдын ала болжам бойынша марқұм- «Қазақстан» шахтасының қызметкері. Арселор Миттал Теміртау компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол осы шахта аумағында Көмір департаменті бөлімшелерінің бірінде жұмыс істеген. Бірақ кеше кезекшілікте болмаған. Алайда жұмысқа шықпаса даладағы трансформатордың жанында не істеп жүр деген сұрақ туындайды. Істің мән- жайын полиция анықтап жатыр.

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

«Ленин атындағы шахта мен Қазақстан шахтасының ортасында орналасқан ток транформаторының жанында 24 жастағы азаматтың мәйіті табылды. Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады».

Айта кетейік, осыдан 4 күн бұрын Арселор Миттал Теміртауға қарасты Ленин шахтасында метан газы жарылып, 5 кенші қаза тапқан еді. Газға уланып, денелері жарақаттанған 4 кеншінің екеуі бүгін ауруханадан шықты. Жағдайлары ауыр саналған 2 кенші әлі де емделіп жатыр. Дәрігерлердің хабарлауынша, олардың жағдайы орташа ауыр.

А. Қуаш