Елімізде бензин 4% қымбаттаған. Энергетика министрлігінің ақпаратынша, қазіргі баға тек жыл соңына дейін сақталады. Онан кейін тағы өсуі мүмкін. Тек жанар жағар май емес, басқа да тауарлар құны шарықтап барады. Ет те, сүт те, тіпті жұмыртқа да қымбат. Тілшілеріміз аймақтардағы жағдайды жеткізеді.
Қазір ел ішінде жанар-жағармайға сұраныс жоғары, сондықтан экспортқа шығарылып жатқан жоқ. Энергетика министрлігінің ақпаратынша, АИ-92-нің үлесі- елде өндірілетін бензиннің 80 пайызы. Сондықтан тек бензиннің осы маркасының бағасы -қолжетімді. Ал АИ-95-тің үлесі- 20%. Демек, өндіріс көлемі аз, шығын көп.
Жыл басынан бері бензин бағасы 4% қымбаттаған:
АИ-92 182-187 теңге
АИ-95/96 211 теңге
АИ-98 232 теңге
Қазақстан қалаларының ішінде (АИ-92) ең қымбат бензин:
Петропавл /1 л/ – 184 теңге
Астана /1 л/ – 182 теңге
Жезқазған /1 л/ – 182 теңге
Қостанай /1 л/ – 182 теңге.
Талғат МАҚУОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ МҰНАЙ ӨҢДЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біздер күнде мониторинг жасап тұрамыз ғой. Ақылдасып жатырмыз. Қарастырып жатырмыз. Есептеп жатырмыз. Бір деңгейде бензиннің бағасын, АИ-92 бензинінің бағасын ұстап жатырмыз.
Келер жылы баға қалай құбылады, қанша теңгеге, қанша пайызға қымбаттайтыны туралы ешкім ештеңе айта алмайды. Себебі құнның өсуіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Мәселен, шет елдерден жеткізілетін құрамдас бөліктер қымбаттаса, сәйкесінше баға да көтеріледі. Ал Оралда не қымбат? Ол туралы әріптесім Еркін Карин айтады.
Оралда да инфляция шарықтап, әлеуметтік маңызды тауарлар түгел қымбаттады. Кейбір өнімдердің қымбаттағаны соншалық, баға өсімі 100 пайыздан да асып кеткен. Мысалы, тұз 137, ал жұмыртқа 123 процентке қымбаттапты.
Базардағы бағаның бұғаудан шығып кеткенін сатушылардың өздері де мойындайды. Осылайша қымбатшылықтың кесірінен клиенттері кеміген. Бірақ бағаны өсіруден басқа амал жоқ. Себебі азық-түліктің дені Оралға өзге елдерден әкелінеді.
Ләйла ҚАДЫРОВА, САТУШЫ:
Где-то 500 процентке қымбаттады. Білмеймін қандай себебі бар екенін? Бізге канешно клиенттерге шок болды. Өйткені қолжетімсіз. Бүкіл зейнеткерлер ондай бағаға ала алмайды. Келеді де шошиды сондай бағадан.
Бағаны қадағалаушы мамандар инфляцияның өскенін мойындайды. Осының әсерінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік атаулы еселеп қымбаттаған.
Райхан ХАЙРУЛЛИНА, БҚО СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІ БАҒА СТАТИСТИКАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
2022-жылғы қаңтар-қазанда облысымыздағы инфляция 16,6%өсті. Осының әсерінен азық-түлік тауарларының бағасы 20,6% қымбаттады. Мұның ішінде ең көп қымбаттағаны – қант - 69,6%, ұн – 56,2%, макарон өнімдері - 37% өсті.
Жыл басынан бері жемістер мен көкөністер 7 процентке өссе, күріш, қарақұмық, жарма атаулы 130 пайызға қымбаттаған. Сиыр мен тауық еті, сүт өнімдерінің бағасы да кемінде екі есе өскен.
Жергілікті әкімдіктің дерегінше, бағаны 15 пайыздан асырған кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданылады. Рейдтік тексеру кезінде бағаны негізсіз қымбаттатқандар да анықталған. Оларға шенеуніктер тиісті шара қолдандық деп сендірді. Айзада, оңтүстікте жағдай қалай?
Шымкентте жұмыртқа бағасы шарықтап кетті. Соңғы екі аптада орта есеппен 10 теңгеге қымбаттаған. Қазір дүкен сөрелері мен базарларда жұмыртқаның бір данасы 65-75 теңгеден сатылуда. Тіпті кейбір сауда нүктелерінде – 100 теңге деп тұр. Күнделікті қажет азық-түліктердің қатарына жататын тауық өнімінің күрт қымбаттауын тұрғындар түсіне алар емес.
Сатушылардың айтуынша, күнделікті жеткізу бағасы 1-2 теңгеден өсіп келіп жатқан көрінеді. Кейбірі тұрақты тұтынушыны жоғалтып алмау үшін шығынын ақтамаса да үстіне 1 -2 теңге ғана қосып сатуға мәжбүр екенін жасырмады. Дегенмен, сатып алушы азайды дейді.
Елена ШАБАЛОВА, САТУШЫ:
Неге қымбаттап кеткенін сұрасақ : «жем қымбат деп түсіндіреді. Амалсыздан жұмыртқа бағасын көтеруге мәжбүрміз»- деп айтады бізге жеткізушілер. Осы жұмада 1 сұрыптысын -56 теңгеден алдық, ірісін -64 теңгеден қабылдадым. Мен үстіне 4-5 теңге ғана қосып сатамын. Салып беретін қалтамның шығыны тағы бар. Амал жоқ.
Шымкентте жұмыртқадан өзге азық-түлік түрлері де арзан болмай тұр. Халықтың, тіпті сатушылардың да сұрайтыны-қымбатшылықты үкімет реттесе. Күннен күнге шарықтаған баға жұртты әбден титықтатқан.
Рабиға Бақытжанқызы