$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда екі автобус соқтығысты: 1 адам көз жұмып, 21 адам ауруханаға жеткізілді

AstanaTV
08.11.2022ж. 20:00
2510
Алматыда екі автобус соқтығысты: 1 адам көз жұмып, 21 адам ауруханаға жеткізілді

Алматыда екі автобус соқтығысты. Салдарынан бір адам қаза тапты. 21 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Куәгерлердің сөзінше, жол-көлік оқиғасына істен шыққан бағдаршам себеп болған.

Оқиға қаланың қақ ортасындағы Төле би – Абылайхан көшелерінің қиылысында болды. Жойқын соққыдан 201 және 98 - бағыттағы екі қоғамдық көлік жолдың шетіндегі саябаққа кіріп кетті. Өкінішке қарай, көлік сынықтарының астында қалған бір азамат тілге келместен көз жұмды.

Игорь СОВПЕНКО, КУӘГЕР:

201 – ші автобустың тоқтағанын көрмедім. Ол екінші автобусты соққанның өзінде қозғалысын тоқтатқан жоқ. Ал жаяу жүргіншілер жолында адамдар тұрған еді. Бағдаршам істен шыққан.

Қаладағы ауруханаларға 21 адам түрлі жарақатпен жеткізілді. Оның ішінде 9 жасар бала бар.

Ләйлә ИМАНҒАЛИЕВА, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Оқиға орнына 9 жедел жәрдем тобы барды. Қазіргі уақытта 9 адам ауруханаға жатқызылды. 2013 жылы туған баланың бас миы шайқалған, жабық бассүйек жарақатын алған. Мұрын, маңдай тұсы жараланған.

Полиция істің мән-жайын анықтап жатыр. «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды.

Екі автобус жүргізушісінің қайсысы кінәлі екені тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Адам өліміне соқтырған жол ережелерін бұзғаны үшін кінәлі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, бүгін сондай-ақ, Абай даңғылында тағы екі троллейбус пен екі автобус соқтығысты. Адам аман.

М. Жақан