Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елге оралған қандастар қазақ тілін біле ме?

AstanaTV
08.11.2022ж. 20:00
1445
Елге оралған қандастар қазақ тілін біле ме?

Мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмеуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Үкіметке сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы елімізге қоныс аударушылардың қос азаматтығын қатаң тексеруді, бұл орайда жедел құқықтық шаралар қабылдауды сұрады. Мұны өзге депутаттар да қолдады. Себебі, бұл өзге елдерде бар тәжірибе дейді.

Геннадий ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Кез-келген мемлекетте әрбір азамат сол елдің азаматтығын алатын болса, тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ең бастысы тарихын, ұлттық заңнамасын білуге тиісті. Шетелден келіп, осы мемлекетіміздің азаматтығын алатын азамат пен азаматша міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі тиіс.

Қазақ тілін меңгеру аса қиын емес. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тіл жанашыры Қарлығаш Бекпатшақызы өз тарихи отанына оралып жатқан бауырларымыздың арасында тілге қатысты мәселе болмайды деп отыр. Өйткені, олар ана тілін игеріп кетуге бейім дейді.

Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Шетелдегі қазақтардың барлығы қазақ тілін біледі. Ресейдегі қазақтармен де байланыстамыз. Келіп жатыр. Азаматтық алып жатыр. Азаматтық алғысы келсе, бір аптада қазақ тілінде сөйлеп кетуге мүмкіндігі бар. Өйткені олардың қанында бар біздің қазақтың тілі. Сондықтан бұл заңды қабылдағаны дұрыс деп ойлаймын.

Р. Бақытжанқызы