Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елімізде микроқаржы алған 28 мың адамның несиесі толық кешіріледі

AstanaTV
08.11.2022ж. 20:00
5510
Елімізде микроқаржы алған 28 мың адамның несиесі толық кешіріледі

Елімізде онлайн ақша алған 28 мың адамның несиесі толық кешіріледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Жыл басынан бері микроқаржы ұйымынан қаржы алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асқан. Кредитті кімдер алған? Кімнің кредиті толық өтеледі? Ол туралы Аружан Задабек айтады.

Онлайн қарыз алып, сан соққанның бірі – Жадыра. Ол бір емес, бірнеше рет микроқаржылық ұйымның көмегіне жүгінген. Несие сол сәтте тығырықтан құтқарғанмен, кейін желкемнен шығарды дейді.

Жадыра АЛМАСҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алып көрмеген қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Бәріміз алып көрдік. Әрине, қатты қиналған кезде аламыз, бірақ төлеуге келген кезде проценті өте көп, көбейіп кетеді.

Елімізде Онлайн несие алып, опық жеген тек Жадыра емес. Тұрғындар үйден шықпай-ақ қалтасын қалыңдатуды әдетке айналдырып алған.

БЛИЦ:

- Кішігірім аламын, қайтып жауып тастаймын.

- Қиналып тұрған кезде алуға болады. Негізі кредитті кешірген дұрыс деп ойлаймын. Халыққа көмектесіп кішкене.

- Осындай қиындық заманда біреу кішкене поддержка берсе артық болмайды ғой. Сол аз кредит аласа да кішкене жабайын деп отырған халық қой...

Қазақстанда 246 микроқаржы ұйымы мен тек онлайн қызмет көрсететін 25 компания бар. Олар жыл басынан бері 100 миллиард теңгеден астам шағын несие берген. Бірақ, оның 45 миллиардтан астамы әлі толық өтелмеген. Осыны ескерген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жыл соңына дейін 28 мың адамның несиесін кешірмек.

Дәурен НӘСІМБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

432 мың қарыз алушы Микрокредит бойынша 33,1 миллиард теңге соммасындағы проблемалық берешекті қайта құрылымдау, кепілсіз микрокредиттер бойынша 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңгесі ішінара есептен шығару және 28 мың қарыз алушының 600 миллион теңге соммасында қарызын есептен шығару көзделеді.

Ал, экономист Ғалымжан Керімбек шағын несиені кешіру жеке азаматтар үшін тиімді шара болғанмен, ел болашағы үшін қауіпті – дейді. Неге?

Ғалымжан КЕРІМБЕК, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Біз бұл мәселемен қоғамның алдындағы масылдықтан арылмаймыз. Мұнын алдында да осындай мәселелер орын алып, ол кезде де бірақ несиелер кешірілген еді. Енді біз осы шара арқылы жеке тұлғаның, заңды тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігін біз азайтамыз.

Елімізде онлайн қарыз берушілер туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Жарнамасы интернетте қаптаған мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Комиссия көлемін де өз қалауынша құбылтады. Сондықтан қаржы студенттерге де, жұмыссыз жүрген жастарға да беріле береді. Ал оны төлей алмаған адам заң алдында жауап береді.

А. Задабек