Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

БҚО-да қатерлі ісікке шалдыққан балалардың саны 4 есе көбейген

AstanaTV
09.11.2022ж. 20:00
1729
БҚО-да қатерлі ісікке шалдыққан балалардың саны 4 есе көбейген

Батыс Қазақстан облысында қатерлі ісікке шалдыққан бала көбейіп барады. 3 жыл бұрын 4 бүлдіршін онкологиялық ауру бойынша есепте тұрса, бір жылға жетер-жетпес уақытта кішкентай науқастардың саны 4 есе көбейіпті. Мамандар қауіпті кеселдің белең алуын диагноздың кеш қойылуымен байланыстырады.

Бала жүгіргенде, ойнаған кезде тез шаршап, ентігетін болса әрі еш себепсіз қызуы көтеріле берсе, бірден қан талдауын жасатқан жөн. Оралға бас қаладан үш жыл бұрын келген онколог Тілепберген Төлегенов осылай дейді. Оның айтуынша, ауыр дертке шалдыққан балалардың саны еселеп өсіп барады.

Тілепберген ТӨЛЕГЕНОВ, БҚО ШТАТТАН ТЫС БАС ОНКОГЕМАТОЛОГЫ:

Онкологиялық аурудың белгілері бірден білінеді. Гематологиялық, цитологиялық өзгерістер қан талдауын жасағанда анықталады. Анемияға тап болған адамның тамағында, қолтығы мен шабында лимфа түйіндері пайда болады.

Аурудың мұндай белгісі ересектерге де тән. Әйелдерде сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігі көп таралса, ер азаматтарда трахея, бронхы, өкпенің қатерлі ісігі көп кездеседі.

Әсет САРИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауруын жасырған өледі дегенді біздің қазақ бекер айтпаған. Егер мен дер кезінде қаралсам, бұлай асқындырып алмас едім. Сондықтан, ағзада әлдебір ауытқушылық байқасаңыз, дереу дәрігерге қаралған жөн.

Бүгінде өңірде 8 мыңға жуық онкологиялық ауруға шалдыққан науқас тіркелген. Жыл сайын оған 1500 адам қосылады. Келеңсіз көрсеткіштің көбеюі скрининг кезіндегі диагностикаға байланысты дейді дәрігерлер. Ал облыста сәулелік терапия аппараты жұмыс істемейді. Сырқаттар көрші облыстарға қатынауға мәжбүр.

Нұрлан ТӨЛЕМІСОВ, БҚО ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір жақын жердегі Атырау, Ақтөбе, Ақтаумен тығыз байланыс орнатуға мәжбүрміз. Бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Бірақ шешімі бар. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы инвестормен келісім жасадық. Енді жабдықты орнату жұмыстары жүргізілуде. Шамамен келер жылдың ортасында қондырғыны іске қосамыз.

Елімізде онкологиялық аурудан емдеу ісіне соңғы төрт жылда 35 миллиард теңге бөлінген. Бірақ қатерлі ісіктің алғашқы кезеңдері елеусіз өтеді. Сондықтан бұған мән бермегендер ауруын асқындырып алуы мүмкін. Сол себепті скринингтен уақытылы өткен дұрыс, дейді мамандар.

Е. Карин