Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Елімізде теміржол билеттері қымбаттады

AstanaTV
10.11.2022ж. 20:00
3371
Елімізде теміржол билеттері қымбаттады

Елімізде пойыз билеті биыл 20 процентке қымбаттаған. Energyprom.kz басылымының мәліметінше ең қымбат билет оңтүстік өңірде байқалған. Билет құнының өсуіне не себеп? Жауаптылар бұған не дейді? Әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Авиабилеттердің құны көпшіліктің қалтасына ауыр тигендіктен тұрғындар үшін қол жетімді әрі ыңғайлы көлік поезд болып тұр қазір. Алайда билет тапшы, болған күннің өзінде бағасы 2-3 есе қымбат.

Биыл қазандағы мәлімет бойынша пойыз билетінің құны бір жылда 20 процентке өскен. Қазақстандықтар үшін қала маңындағы пойыздарда жүру жылына 16 , резервтік вагондарға 20, купе вагондарға 17-18 процентке қымбаттаған.

Өңірлер бойынша ең қымбат билет Шымкентте (жылына 56,3 пайызға), онан кейін Жетісу (45 пайызға) мен Алматы (32,3 пайызға) облыстарында байқалған.

Соған қарамастан жыл басынан бері пойызбен шамамен 15 миллион жолаушы қатынаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 процентке артық. Көбіне пойыз қызметін елорда тұрғындары пайдаланады екен. Одан кейінгі орында Ақтөбе және Қызылорда. Ал Батыс Қазақстан облысының тұрғындары отарбаға сирек мінетін көрінеді.

БЛИЦ:

- Билеттің бағасы қымбаттап кетті. Бір жерден бір жерге жету қиын соғып жатыр.

- 10 мыңнан асып кетеді екі адамға. Пласкардпен келдік қой біз.

- Халыққа сондай бір тиімді бағада істеуге болады ғой жоғарыдағыларға. Қымбат, қымбат, бәрі қымбат.

Ал Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамы билет құнының 20% - ға артуы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ" ҰК" АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

"Жолаушылар тасымалы" АҚ ағымдағы жылы темір жол көлігі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша облысаралық қатынастың әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша темір жол билеттерінің құнын 7%-ға индекстеу жүргізілді. Бұдан басқа, ұлттық тасымалдаушының әлеуметтік маңызы бар және коммерциялық бағыттары бойынша тарифтерді басқарудың динамикалық жүйесі жұмыс істейді, онда билеттердің құны сұраныс пен оларды сатып алу күніне байланысты қалыптастырылады.

Жауапты министрліктің ақпаратынша, баға соңғы рет жазда өскен. Жеке тасымалдаушылар билет құнын өздері қояды, ал әлеуметтік маңызы бар бағыттағы билеттердің ақысы қымбаттаған жоқ дейді.

Эльмира РАХМАЛИНОВА, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бүгінгі күні теміржол билеттеріне баға өскен жоқ. Соңғы рет 2022 жылы 1 шілдеде инфляция деңгейінде 7 пайызға ғана өсті. Сонымен бірге жеке тасымалдаушылар билеттерге бағаны өздері реттейді.

Билеттер сатылымға 45 күн қалғанда шығады. Сондықтан жол жүру билеттерін неғұрлым ерте алса, соғұрлым арзанға шығады деп кеңес берді көлік комитетінің басқарма басшысы. Бірақ, арнайы сайттар арқылы қарасаң, кей бағыттар бойынша билет жоқ.

А. Базарбай