Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Келер жылы елімізде жеңілдетілген автонесие арқылы 2 мыңдай жаңа көлік сатылады

AstanaTV
10.11.2022ж. 20:00
2020
Келер жылы елімізде жеңілдетілген автонесие арқылы 2 мыңдай жаңа көлік сатылады

Елімізде автокөлік бағасы 19 процентке қымбаттады. Салондағы жаңа мәшине ғана емес, айдалғанына жиырма жылдан асқан ескі техниканың да бағасы шарықтап тұр. Амалын тапқандар қазір арзан көлікті араб елінен әкеліп жатыр. Жатжерлік көлікке жұрт неге құмар? Еркін Карин айтады.

Ерлан Бекесов былтыр күзден бері 7 мың шақырым жердегі Дубайдан көлік тасиды. Бір жылда 50 шақты мәшине жеткізген. Бірқатарын Ресей асырыпты. Өйткені араб еліндегі баға әлдеқайда арзан, әрі сатылатын көліктердің комплектациясы да көш ілгері.

Ерлан БЕКЕСОВ, КӘСІПКЕР:

Біз ана жақтан Лендкрузер-200 әкелді. Бағасы шамамен 32 миллиондай шықты, мұндағы сатылымдағы бағалары 42-43 миллиондай тұр. Айырмашылығы шамамен 10 миллиондай болды. Қазаққа учетқа қоятын болсақ, утильсбор бәрін есептегенде 8 миллиондай ақша кетеді. Соның өзінде 2 миллиондай қалады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір қолма-қол ақшаңыз болса да, салоннан жаңа көлік алу оңай емес. Кезегіңізді кемінде екі-үш ай күтесіз. Бір қызығы, алған көлікті бірер аптадан кейін бұдан да қымбатқа кері сатуға болады.

Өйткені қыркүйекте шектеу қойылғалы бері Арменияның қызығы басылды. Көршілес Ресейде де көлік азайған әрі орыстан алған мәшиненің құжаты күмәнді. Өйткені иесі сенімхатпен сатып, кейін ұрлап кетті деп жала жабуы әбден мүмкін.

Нұрлыбек РАХМАН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр жарты жыл күтіп, салоннан жаңалай алдым. Бағасы бір жылдың ішінде екі есеге жақын қымбаттады. Ескі мәшинелер шамамен 40 пайызға қымбаттаған сияқты. Жыл сайын осылай қымбаттай берсе, жаңа машина алу қиын болатын сияқты.

Ал келер жылы елімізде жеңілдетілген автонесие арқылы 2 мыңдай жаңа көлік сатылады. Бірақ халықтың сұранысы бұдан да көп.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазір біздің азаматтарымыз жаңа көліктің несиесін төлеп жатыр. Бұл ақша кейін жаңа несие беруге жұмсалады. Осылайша қаржыны айналымға түсіріп, келер жылы 2 мың көлік сату жоспарда бар.

Ал заңгерлер көлік нарығындағы бағаны мемлекет реттеуі керек дейді. Мысалы, АҚШ-та құрастырылғанына он жылдан асқан мәшинені қымбатқа сата алмайсыз. Ал бізде алыпсатарлардың кесірінен ескі-құсқының өзі ай санап қымбаттайды. Сондықтан бұл істе өзбектерден үлгі алу керек, дейді заңгерлер.

Бауыржан АХМЕТЖАН, ЗАҢГЕР:

Өзбекстан өздерінің зауыттарын құрды. Басында тек жинай бастады, содан кейін толық қамтамасыз етті. Бүкіл елді жаңа өзінің, өзбектің машинасына отырғызды жаңа нексиаларға және үлкен мемлекеттік баж қою арқылы басқа ескі машиналарды, басқа елдіің машиналарын көп кіргізген жоқ. Бірен-саран Тойота көреміз, бірен-саран Мерседес көреміз, онда да өте қатты байларда. Өзбектер өздерінің діттеген мақсатына жетіп отыр, біз соған ілесе алмай қалдық.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегінше, биыл елімізде 71 мыңдай жеңіл автокөлік құрастырылғанымен, баға 19% қымбаттаған. Бұған әлем экономикасының әлсіреуі мен геосаяси жағдай себеп болыпты.

Е. Карин