Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақтау қаласының жастарымен кездесті. Сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, облыстық штабта болып, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Оппозициялық партиядан түскен кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақтаулық жастарға сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол бағдарламаның әр бағытына жіті тоқталды. Барлығы қоғам үшін, халық үшін маңызды екенін атап өтті. Отырыста өзекті проблемалар да талқыланды. Несие мәселесі,азық-түліктің қымбаттауы, жалақының төмендігі айтылды. Сондай-ақ, бұған дейін, Нұрлан Әуесбаев сайлауалды бағдарламасымен елдің 8 өңірін аралап шықты. Жоспарланған 60-қа жуық іс-шараның басым бөлігі орындалды. Кандидат үгіт-насихат науқанының қалған үш күнінде Астана қаласы мен елдің солтүстік өңірлеріне барады деп жоспарланып отыр.
Нұрлан ӘУЕСБАЕВ, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:
Негізі көпшілікті толғандырып жатқан көптеген сұрақтарға жауап бердік. Енді негізінен көпшілік қызық сұрақтарды жастар қойып жатыр. Жалпы, бүгінгі таңда біз Қазақстанның көп аймақтарын араладық. Ол: оңтүстік, солтүстік, Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан. Енді Шығыс Қазақстанға әлі үлгермедік. Алдағы бағдарламаларда көреміз.
Кездесуден кейін Нұрлан Әуесбаев Ақтаудағы өңірлік сайлауалды штабының жұмыс барысымен танысты. Еріктілермен тілдесіп, үгіт-насихаттың қалай жүріп жатқанын сұрады. Штабта жиырмадан аса адам жұмыс істейді.
Ә. Дүкембаева