$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары шатырдан аққан сумен алысып әлек

AstanaTV
16.11.2022ж. 20:00
1328
Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары шатырдан аққан сумен алысып әлек

Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары қарашаның қара суығында шатырдан аққан сумен алысып әлек. Жаңбыр жауса, бесінші қабаттағы су төменгі қабатқа дейін жетеді. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік шатыр жабылады деп уәде берген. Алайда, ол орындалмаған. Неге?

Бесінші сәбиіне аяы ауыр Әсел Рүстембектің қыркүйектен бергі жұмысы осы. Суға толған ыдыстарды сағат сайын төгіп әлек.

Әсел РҮСТЕМБЕК, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Кілемдеріміз сыртта жаюлы тұр. Бала-шағамыз мұздай еденді басып жүр мысалыға. Аяқтарынан сыз өтіп қайта-қайта ауырып қап жатыр. Оларға да оған да ақша кетеді.

Бесінші қабаттан сорғалаған су бірінші қабатқа дейін жетеді. Биылдан қалмай шатыр ауыстырылады дегенге сеніп, жазда пәтеріне жөндеу жасағандар енді шығынды кімнен өндірерін білмейді.

Фарида ЖҰМАНОВА ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Мына есіктерінің бәрі уже ісініп кетті. Жабылмайды есіктерім. Үй сырость, влажность, кішкентай балам қайта-қайта ауырып жатыр осы проблемадан.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тұрғындар жауын-шашын суын уайым қылып отырғанда бүгін міне Шымкентте қар жауып кетті. Ал бес қабатты үйдің шатыры көріп тұрғанымдай міне ашық-шашық күйінше жатыр. Халық су сорғалағанның көкесі енді болады ма деп қатты қорқып отыр.

Тұрғын үйдің төбесінде тек қара қағаз болған. Оның орнына темір қоямыз деп қағазды да алып тастапты.

Ынтызар АЛТАНОВА ҮЙ ТӨРАЙЫМЫ:

Төбені уже 1 ай болып қалды ашқандарына. Содан ашып, төбесіне ақша жоқ дейді. Оны исполнительдерге айтсақ олар айтады: бізге ақша бөлмей жатыр дейді. Ал мынау енді Тұрғын үйге барсақ «біз ақша бөліп қойғанбыз» дейді. Екі ортада сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар, өтірік алдады бізді.

Шымкенттегі көпқабатты үйлерді жаңғыртуға жауапты өкіл жұмысты жазда бастауға қаржылық қиындықтар себеп болғанын айтады.

Кирилл ДОНДУКОВ, ЖШС ЖЕТЕКШІСІ:

Жауын-шашынға қалмай жабуын қамтамасыз етуге тырыстық. Алайда мердігер мекемеге мамандармен келісе отырып негізгі шатыр жабынын бүлдірмей жұмыс істеуді сұрағанбыз. Алайда олай болмады. Бір қиындық қаржыландыруда болғанын да жасырмаймыз. Ал негізгі қиындық темір жабынның тиісті қалыңдықтағы түрі Шымкентте жеткілікті мөлшерде табылмады. Қарағандыдан алдыртып жатыр. Соған көп уақыт кетіп отыр. Екі –үш күнде ол келеді.

Жауапты өкіл он күннен қалмай шатыр толық жабылады деді. Пәтері бүлінгендердің шығынын да толық өтеп, жөндетіп беретіндерін айтты.

А. Төребекқызы