Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

БҚО республикалық маңызы бар жол құрылысы аяқсыз қалды

AstanaTV
16.11.2022ж. 20:00
1599
БҚО республикалық маңызы бар жол құрылысы аяқсыз қалды

Батыс Қазақстан облысының ең шалғай үш ауданына апаратын республикалық маңызды жол құрылысының мерзімінен кешіккеніне екі жылдан асты. Жергілікті әкімдік тапсырыс берушіні кінәласа, олар мердігерден көреді. Айналып келгенде мұның зардабын халық тартып отыр. Биыл да құрылыс материалдарының тапшылығынан миллиардтаған қаржы игерілмей, қазынаға кері қайтарылды. Амалы таусылып, жауын-шашынның болмауын көктен тілеген ауылдықтармен тілдескен тілшіміз жалғастырады.

Ақындар осылай күйіне жырлаған Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары жолының қазіргі түрі осы. Қыста қар қинаса, көктем мен күзде ми батпаққа батамыз, дейді жергілікті халық.

Жансая МУСИНА, АЙТЫСКЕР АҚЫН:

«УАЗ-бен» үш күн жүрген кезіміз болды. Машина батып қалып көмек шақырдық. Көмекке келе жатқандарға көмек керек. Трактор беліне дейін батып кетеді. ДТ, К-700 беліне дейін батып кетеді. Мұның құйрығын таппайсың. Анау анаған сілтейді, анау анаған сілтейді. Бұдан зардап шегіп жатқан – қарапайым халық. Адам хал үстіне түсіп қалсын, білікті мамандарға облыс орталығына, республикаға жету қиын. Солай өле береді бізде адамдар.

63 мың тұрғыны бар үш ауданды облыс орталығымен жалғайтын жол құрылысына 57 млрд теңге бөлініпті. Бірақ бұл жол биыл да салынып бітпеді.

Айдар МЕҢЕЕВ, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Қазавтожол» мекемесімен 119 км жолды жөндеу жоспарланған болатын. Енді мына жазғы мезгілде орын алған битумның тапшылығы, вагондардың жетіспеушілігі салдарынан қазіргі таңда тек қана 72 км жол салынып отыр. Енді 248 шақырымның бүгінгі күнде общий 122 км салынып отыр тек қана.

Мерзімінен кешіккен жолдың сапасы да нашар. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» сұрыпталған 330 сынаманың 15 пайызы стандартқа сай еместігін жеткізді.

Зәуірбек ҚЫПШАҚБАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Құрылыс кезінде жоба талаптарына сәйкес келмейтін қиыршық тастар анықталды, битумның сәйкессіздігі анықталып, біздер осы мақсатта мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына арнайы ұйғарымымызды жолдап, 500 АЕК көлемінде «Әлем-11» ЖШС-инженерлік компаниясына айыппұл салынған болатын.

Енді өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерлердің жұмысы қабылданбайды. Жол сапасын тексерушілер осындай ұйғарым беріп отыр.

Еркін КАРИН ТІЛШІ:

Жолдың жоқтығынан өңірдің ең шалғай үш ауданымен қатынас қиын. Аймақтан жырақта жатқан елді мекендерде азық-түлік пен жанармай қымбат. Өйткені жеткізу тым қымбатқа шығады. Ал биыл жол құрылысында уақытылы игерілмеген 5 миллиард теңге енді қазынаға кері қайтарылады. Шенеуніктер келер жылы қаржыны тағы аламыз ғой деп жұбатып отыр.

Е. Карин