Президенттікке кандидат Қарақат Әбден аймақтардағы үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады.
Президенттік кандидат Қарақат Әбден бүгінге дейін 15 қала мен бірқатар елдімекенде болып, 40-тан астам кездесу өткізді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, отбасы институтын нығайту секілді қоғамдағы басқа да әлеуметтік тақырыптар – үміткер қозғаған негізгі мәселелер. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына айрықша мән берді. Оларды қолдау бағытындағы ұсыныстарды назардан тыс қалдырмайтындығын айтты. Жасөсіпірімдер арасындағы суицид және есірткімен күрес тақырыбы да шет қалған жоқ. Кандидат туризм мен мейрамхана бизнесіне қатысты кәсіпкерлермен кездесіп, пікір алмасты. Кездесуде сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Бірқатар іс-шараға қатысты.
Арман ОРАЗҒҰЛОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШТАБ ЖЕТЕКШІСІ:
Республикалық және өңірлік штабтар өздеріне жүктелген міндеттерді толығымен орындады. Үйлестірушілер мен еріктілер үгіт-насихат жұмыстарын атқару кезінде белсенділік танытты. Атқарылған қызмет үшін барлық мамандарымызға алғыс білдіреміз.
А. Серік