Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тобыл өңірінде Ы. Алтынсариннің жүлдесіне арналған Республикалық турнир басталды

AstanaTV
18.11.2022ж. 20:00
1347
Тобыл өңірінде Ы. Алтынсариннің жүлдесіне арналған Республикалық турнир басталды

Қостанай облысында қазақ күресінен турнир басталды. Жасөспірімдер арасында өтіп жатқан додалы жарыс Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин жүлдесіне арналған. 11 облыстан келген жас спортшылар екі күн бойы бозкілемде белдесіп, күш сынасады. Тобыл өңірінде топжарған пауландар спорт шеберіне үміткер атанады.

Ыбырай мектебінен бастау алған жасөспірімдер жарысы, енді міне республикалық деңгейде ұйымдастырылуда.Тобыл қаласында тұңғыш өтіп жатқан турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас палуандар қатысуда. Барлығы -21 команда.

Жұмахан ҚАСЫМХАНОВ,ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Өте келешегі зор біздің Қостанай облысының палуандары үшін, біздің өзіміздің балалар үшін.Сыртқа мынадай көп бала алып шыға алмаймыз.Әрі кетсе 10-12 адам апарамыз. Өзімізде өткеннен кейін бүкіл облыстың аудандары мен қалаларының бәрін қатысуына өте ыңғайлы болып отыр.

Серік ДӘРМЕНБАЕВ, ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Бұл жарыс өз деңгейінде, жоғары деңгейде өтіп жатыр деп ойлаймын. Жалғасын таба береді. Халықаралық деңгейге жеткіземіз деген ойымыз бар осы жасөспірімдер арасындағы жарысты.

2008-2009 жылы туған жас қырандар бүгін 5 салмақ бойынша белдесуде. Қалғаны ертең күреседі. Жарыс барысында 150-ге жуық жас палуан бозкілемде күш сынасады.

Медғат-Қасым ДАЙРАБАЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Барлығы жақсы дайындалған. Жарысқа қатысқан сайын опыт аласың, келесі жарысқа дайын боласың.Барлығына дайын боласың.

Мектептен – аудандық. Одан – облыстық. Енді ел деңгейінде ұйымдастырылып жатқан турнир келешекте халықаралық додаға ұласарына ұйымдастырушылар кәміл сенеді. Жарыс жеңімпаздарына ҚР Спорт шеберіне үміткер спорттық дәреже беріледі.

З. Санай