Мемлекет үшін маңызды саяси науқанға қатысқысы келетін сайлаушылардың ешқайсысы қалыс қалмайды. Шетелде жүрген отандастарымыздан бастап шалғай ауылдағы тұрғындар да дауыс бере алады. Тіпті кен орындарына арнайы тікұшақ барады. Құжатын ұмытып кеткендер цифрлық куәлігімен таңдау жасай алады. Аймақтағы тілшілеріміз алғашқы ақпараттармен бөлісуге дайын.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Атырауда өзге облыстың 13 мыңнан астам сайлаушысы дауыс береді. Олар өз өтініштері бойынша тізімге енгізілген. Жалпы аймақтағы 410 мыңға жуық сайлаушы 261 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасайды. Биыл саяси науқанға тұрғылықты тіркеуі жоқ атыраулықтар 5 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.
АПЕК Петротехник жоғары колледжінде орналасқан 90 сайлау учаскесінде 2403 сайлаушы бар. Оның сегізі үйінде дауыс беруге өтініш білдірген. Саяси науқанның атмосферасын сезініп, учаскеге келіп таңдау жасағысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де арнайы құрал-жабдықтар дайындалған. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін мамандар да осында.
Гүлмаржан БИСЕМБАЕВА, №90 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ КОМИССИЯ ТӨРАЙЫМЫ:
Биылғы сайлаудың ерекшелігі біздің учаскемізде халыққа қызмет көрсету бұрышы орналасқан. Егер мекен-жайы жоқ адамдар тіркелемін десе, оларға барлық жағдай жасалған. Келіп тіркеліп, дауыс беруге де болады.
Мемлекет болашағы үшін таңдау жасау 11 жабық сайлау учаскесінде де жүргізіледі. Оның 9-ы денсаулық сақтау, 1-еуі әскери нысан, ал тағы бірі – уақытша тергеу изоляторы.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Дәл қазір 37 мыңға жуық адам вахтада. Олар да өз таңдауын жасап жатыр. «Болашақ» мұнай дайындау зауытындағылар үшін жұмыс басында сайлау учаскесі ашылған. Қалғандарын тасымалдау үшін арнайы автобустар шығарылды. Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнына тікұшақ барады. Мендігі ақпарат әзірге осы. Әрі қарай әріптесім Айзада Төрекбекқызы жалғастырады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Шымкентте сайлауға қатысушылар таңнан бері белсенділік танытуда. Ұзын саны 311 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 18-і – перзентхана, қарттар үйі, әскери бөлім секілді жабық мекемелер.
Елдегі үшінші мегаполисте 634 мың 818 сайлаушы бар. Бұл алдыңғы сайлауда дауыс берушілермен салыстырғанда 5 мың адамға артық. Алғаш рет дауыс беру құқығына ие болып отырған жастар да аз емес.
Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Оның 5 мыңдайы биыл жаңадан бірінші рет дауыс беретін азаматтарымыз. Содан басқа тағы да сайлаудағы ерекшеліктердің бірі – біздің мынау 100-ге келген азаматтарымыз бар ғой, солар үйіне дауыс беру жөнінде екі азаматымыз өтініш берген. 12 -ден кейін біздің екі азаматымызға біздің Шымкент қаласының сайлау комиссиясының екі мүшесі және оның жанында байқаушылармен бірге барып үйіне дауыс алуға мүмкіндік береді.
Әзірге үйден дауыс беруге 15 адамнан өтініш түсіпті. Тағы бір айта кететін жаңалық – тіркеуде жоқ азаматтардың да дауыс беруге мүмкіндігі бар. Оларға арнайы 20 орын қарастырылған. Олар жеке куәлігін көрсетіп, таңдауын жасай алады. Құжатын үйде қалдырып кеткендер цифрлық куәлік арқылы еш қиындықсыз дауыс береді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Айта кетейін, бүгін қалада қоғамдық көліктер де сайлаушыларға тегін қызмет көрсетіп жатыр. Бұл шаһар басшылары тарапынан ұйымдастырылған жеңілдіктердің бірі. Одан бөлек 28 инватакси және 53 әлеуметтік такси азаматтардың өтініші бойынша кешкі сегізге дейін қызмет көрсететін болады.
Б. Нәдірқызы., А. Төребекқызы