Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Президенттікке кандидаттар да дауыс беруге келді

AstanaTV
20.11.2022ж. 16:00
1306
Президенттікке кандидаттар да дауыс беруге келді

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс өтіп жатқан Президент сайлауында дауыс берді. Ол оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесіне барды. Өз таңдауын жасады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Бүгін – өте маңызды, тарихи күн. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп отырмыз. Шын мәнінде, биыл оңай болған жоқ. Бірақ халқымыз жұмылып, қиындықтардың бәрін еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндеттер, мақсаттар бар. 

Нұрлан Әуесбаев та алғашқылардың бірі болып, өз таңдауын жасады. Үміткер «Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның» атынан саяси додаға қатысып отыр. Кандидат Көктал шағын ауданында орналасқан N198 сайлау учаскесіне барды. 

Нұрлан ӘУЕСБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Қазақстанның барлық түкпір-түкіпірінде біздің сайлау алды бағдарламамызды барлық жерде білді. Біз оппозияицилық партия ретінде өз пікірімізді барлық жерде ашық айтып жүрдік.

«Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» атынан президенттікке үміткер Қарақат Әбден де дауыс беруге келді. Ол сайлаушы ретінде 135-ші сайлау учаскесінің тізімінде. Кандидат ата-анасымен барды. 

Қарақат ӘБДЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Барлық халық өз отбасыларымен бірге еліміздің болашағына дауыс беруге дайын. Сондықтан да елдің бірлігі үшін, еліміз гүлдене берсін, әрі қарай жақсы жарқын болашаққа жол сала берейік деген үлкен үмітім бар.

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен де өз таңдауын жасау үшін Астанадағы №66 мектеп-лицейде орналасқан №113 сайлау учаскесіне барды. Ол дауыс беруге жұбайымен және қызымен келді.

Мейрам ҚАЖЫКЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Халқымыз, еліміз өзгерістерді аңсап күтуде. Сондықтан осы алдағы жылда нақты өзгерістер болу керек. Президент өзінің айтқан уәдесінде тұру керек.

Ал кандидат Салтанат Тұрсынбекова №107 сайлау учаскесіне өзінің сайлау штабының қызметкерлерімен бірге барып, өз таңдауын жасады. 

Салтанат ТҰРСЫНБЕКОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Бәрі бір ауыздан қолдау көрсетіп, балдарымның менің анам осындай осындай биік дәрежедегі президенттіке ұсынғанына олардың тарапынан қайта қолдап мақұлдады.

Президенттікке үміткер Жигули Дайрабаев та дауыс берді. Кандидат таңғы 7:00-де Түркістан көшесінде орналасқан 396 сайлау учаскесіне келді. Оның қасында жұбайы және балалары және туыстары болды. 

Жигули ДАЙРАБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ:

Бұл әрбір Қазақстандықтың өміріндегі үлкен бір саяси оқиға, үлкен бір мереке. Сондықтан мен ойлаймын әрбір қазақстандық бұл мерекені өз деңгейінде өткізеді, ат салысады ғой деп.

Айта кетейік, кандидаттар тарихи күнде халықтың белсенділігі жоғары болатынына сенеді.

Б. Сатуов