Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мемлекет басшылары өз таңдауын жасады

AstanaTV
20.11.2022ж. 16:00
1219
Мемлекет басшылары өз таңдауын жасады

«Ел үшін маңызды, әрі тарихи күн». Үкімет басшылары қазақстандықтардың азаматтық кемелділік, жауапкершілік танытатынына және дауыс беруге белсене атсалысатынына сенімді. 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев таңнан таласа Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Ол сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалғанын атап өтті. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды, Президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау еліміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындайды. Біздің еліміз үшін соңғы жылдары оңай болмады. Пандемия ел экономикасы мен халқымызға ауыр тиді. Дегенмен қиындықтарға қарамастан Қазақстан халқының бірлігі мықты. 

Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов та жұбайымен Астана қаласындағы нөмірі 110 учаскесіне барып өз таңдауын жасады. 

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Біз енді барлық өңірлерді аралап келдік қой. Халықтың көңіл-күйін көрдік. Халық та сайлауға деген қызығушылық өте мол. Халық түсінеді бұл тағдыр шешті сайлау екенін. Мемлекетіміздің дамуы осы сайлауға байланысты екенін, сондықтан қызығушылық көп. Бүгінгі болжамымыз халық өте көп келеді деп ойлаймын. Еліміздің болашағы үшін дауыс бердім, тұрақты болуы үшін. Еліміздің бай-қуатты болуы үшін. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин дауыс беруге әдеттегідей отбасымен келді. Оның айтуынша, биыл сайлау науқанында қоғам белсенді. 

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Отбасыларымыздың болашағына жақсы бір өзгерістер керек десек, онда сайлауға міндетті түрде қатысуымыз керек. Өз дауысымызды беру керек. Жаңа жоғарыда атылғандай Конституциялық құқығымызды пайдалану керек. 

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. 

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Осы күн мемлекетіміздің алдағы жеті жылдағы даму бағытын айқындайды. Біз азаматтық белсенділік танытып, Мемлекет басшысы лауазымына өз кандидатымызға дауыс беруіміз керек. Өз басым әділ және қуатты Қазақстан үшін, әрбір отбасының әл-ауқаты жоғары болуы үшін дауыс бердім.

Сондай-ақ, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді. 

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бүгін – елімізде тарихи күн. Қазақстанның әр тұрғыны өз азаматтық борышын орындап, сайлау учаскесіне келіп дауыс беретініне кәміл сенеміз. Өзім еліміздің болашағы үшін дауыс бердім.

Дауыс беру кешкі 8-ге дейін жалғасады. 

 Ә. Дүкембаева