Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

БҚО-да шағын ауыл тұрғындары бір кісідей дауыс берді

AstanaTV
20.11.2022ж. 16:00
1404
БҚО-да шағын ауыл тұрғындары бір кісідей дауыс берді

Бүгін Батыс Қазақстан облысында қар жауып, қатынас қиындады. Жырақта орналасқан кейбір ауылдар үшін сайлау учаскелеріне жету қолайсыз болды. Бірақ амалын тапқан тұрғындар көршісінің автобусына мініп, сайлау учаскесіне бәрі бірге барды. Бірлігі жарасқан көршілер туралы тілшіміз тарқатады.

Деркөл кенті қала іргесінде орналасқанымен, жер балшықта осы ауылға қарасты бірнеше елдімекенмен қатынас қиындайды. Солардың бірі – Өскен ауылы. Бірақ осы ауылдың тұрғыны Оразай Мақсұтов ауылдастарын жолда қалдырмай, өз көлігіне көршілерін тиеп, бәрін сайлау учаскесіне жеткізді.

Амантай ҒАБДИЕВ, ӨСКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз мына Өскен ауылынан келіп тұрмыз. Ауылдың жағдайы онша мәз емес. Жолдарымыз жасалған жоқ, бір жақсы үміткер сайланса деп ойлаймыз. Жағдайымызды түзеп беретін Президент сайланса деймін.

Деркөл аулында 2 мыңнан астам сайлаушы тіркеліпті. Түске дейін солардың төрттен бірі дауыс берген. Ауылдықтар президентіміз әділ болса, келешегіміз кемел болады деген үмітте.

Оразай МАҚСҰТОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Балаларымыздың, немере-жиендеріміздің болашағы үшін бәріміз бір ауыздан дауыс беріп жатырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Сол үшін бәрі дауыс беру үшін тиеп алып келіп жатырмыз.

Сайлау комиссиясының мүшелерінің айтуынша, заңбұзушылық тіркелмеген. Ал өзгелерден ерекше сайлаушылар сый-сияпаттан құралақан қалмапты.

Артур МҰСАҒАЛИЕВ, №34 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ең алғашқы келген қонаққа, содан кейін үлкен жастағы аталарымыз-әжелеріміз бар. Одан кейін 18-ге жаңа толып отырған балаларымызға, содан кейін ата-анасымен бірге келген балаларға сыйлық бар. Қазір осы сыйлықтардың бәрін үлестіріп жатырмыз. Осыған дейін барлық сайлауды өткізіп келе жатырмыз. Қыстың күнінде де өтті. Ол кезде де ешқандай қиындық туындаған жоқ. Автобус ұйымдастырып, сонымен келді.

Батыс Қазақстан облысындағы 505 сайлау учаскесіндегі сайлаудың өту барысын 3 мыңнан астам байқаушы қадағалап отыр. Олардың ішінде ТМД елдері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Е. Карин