Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Тобыл-Торғай өңірінде сайлаушылар толассыз келіп жатыр

AstanaTV
20.11.2022ж. 16:00
982
Тобыл-Торғай өңірінде сайлаушылар толассыз келіп жатыр

Қостанай облысында 745 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Тобыл-Торғай өңіріндегі жарты миллионнан астам тұрғын сайлаушылар тізіміне енгізілген.

Қалалық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 1612 адам – алғаш рет дауыс беруші. Қарттармен қатар денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш білдірген жүзден астам тұрғынға бюллетень жеткізілді.

Сәния ШӘРІПОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Қала бойынша 5 сервис орталығы ашылған. Егер де азаматтар еш жерде тіркелмесе, оларға бір күнге тіркеліп өз дауыс беру құқығын іске асыру үшін.

Қаладағы нөмірі 855 сайлау учаскесінде халық ақыны Әсия Беркенова дауыс берді. Ел ертеңі үшін, келер ұрпақтың жарқын келешегі үшін таңдауымды жасадым дейді айтыс ақтаңгері.

Әсия БЕРКЕНОВА, ХАЛЫҚ АҚЫНЫ:

Әрине, сеніммен дауыс бердім ғой. Ертеңге сенгендіктен. Ұрпағым, немере-шөберелерім жақсы заманда өмір сүрсе екен. Өз еліне, өз жеріне өздері ие болса екен. Тек қана жаңағы жерін еміп, еліне сеніп жүре бермей, өздері де өздерінің барынша үлесін қосса екен деп.

Саяси науқаннан спорт саңлағы Денис Кузин де сырт қалған жоқ.

Денис КУЗИН, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Бүгінгі күн еліміздің барша азаматтары үшін маңызды. Және мен барлық ел тұрғындарын тәуелсіздік үшін, бейбітшілік үшін, еліміздің дамуы үшін дауыс беруге шақырамын.

Сайлау учаскелерінде қоғамдық саяси институт қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Айсел ЖАҚЫПОВА, ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ИНСТИТУТ ИНТЕРВЬЮЕРІ:

Сайлаушылар өте белсенді және көңілдері көтеріңкі. Күннің суықтығына, жексенбіге қарамастан дауыс беруге келіп жатқандар көп. Түрлі жастағы тұрғындар. Жастар легі де көп. Кейбіреуі бала-шағасымен келіп жатыр.

Саяси дода барысын халықаралық байқаушылармен қатар партиялық емес орталық өкілдері бақылап отыр. Облыс бойынша 550 мыңнан астам сайлаушы тізімге алынған.

З. Санай