Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Еліміздің танымал адамдары сайлауда өз таңдауын жасады

AstanaTV
21.11.2022ж. 00:00
1374
Еліміздің танымал адамдары сайлауда өз таңдауын жасады

Елдегі үшінші мегаполисте сайлаушылардың басым бөлігі түске дейін өз таңдауын жасап үлгерген. Әсіресе, Опера және балет театрындағы дауыс беру науқаны ерекше есте қалды. Театр ұжымы өз аумағындағы сайлаушыларды жанды дауыстағы әнмен қарсы алды. Өзге өңірлерде де қызықты сәттер көп.

Танымал тұлғалар да сайлауға барып, өз таңдауын жасады. Сайлаушыларды жанды дауыстағы әнмен қарсы алған өнер ордасында құдды бір мереке өтіп жатқандай. Опера әншісі, театр директоры Майра Мұхамедқызы бүгінгі саяси науқанды саясат мерекесіне балады.

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ қ. ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Саяси мереке, шынымен де, бұл бүкіл халқымыздың, ерліктің, елдіктің ынтымақтың, берекенің нышаны деп білем өз басым. Бұл мен үшін де тарихи кезең, мен әрқашанда Қазақстандағы әрбір сайлауда дауысымды беріп келемін.

Өнер тарланы, халық әртісі Асанәлі Әшімов Алматы қаласындағы сайлау учаскесіне отбасымен бірге келіп, дауыс берді. Актер сайлауға қатысу азаматтық борыш екенін атап өтті. Сондай-ақ, жастарды белсенділік танытып, еліміздің болашағына бей-жай қарамауға шақырды.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:

Халықтың жарқын болашағы үшін, жас ұрпақтың келешегі үшін мен өз даусымды бердім. Елдің үлкен ел болуы үшін үлкен азамат керек соны басқаратын. Азаматымыз дайын болса, біз бақыттымыз.

«Балаларымның болашағы үшін дауыс беремін». Бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов сөзін осылай бастады. Елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берген боксшы қазақстандықтарды белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға шақырды.

Мерей АҚШАЛОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ:

Мен өзімнің азаматтық белсенділігімді көрсетіп, осы алдағы жеті жылға Президент таңдау үшін келдім. Өзім үшін, өзімнің бала-шағам үшін және де осы Қазақстанның қазақ халқы үшін таңдау жасадым.

«Құрғақ сөзден арылып, азаматтық парызымызды орындауға тиіспіз». Мұндай пікірді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров білдірді. Әнші азаматтық қоғамды өзіндік пікірі мен көзқарасы бар азаматтар ғана қалыптастыра алады деген пікірде. Театрға дауыс беруге келген азаматтардан ерекше мерекелік көңіл-күй сезгенін айтады.

Досымжан ТАҢАТАРОВ, ӘНШІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Көңіл-күй керемет! Өйткені мемлекетімізде, жалпы қазақ даласында тағы да біз өзіміздің таңдауымызбен Президентімізді сайлағалы жатырмыз. Бұл әр азаматтың мойнындағы міндет. Бұл күні бейтарап қарап, болмаса жай қарап, керекпін бе, керексің бе деп қарауға болмайды. Он екі мүшесі сау адам, сайлауға дауыс беруге құқылы бар адамдардың барлығы келіп, өз азаматтық міндетін жасауы керек.

Бұдан басқа сайлауға қатысып, дауыс берген танымал тұлғалар жетерлік. Бұл биылғы сайлауда жұлдыздардың ерекше белсенділік танытқанын көрсетеді.

А. Серік